Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Жетісу облысы Дін істері басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Университеттің Жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев пен Жетісу облысы дін істері басқармасының басшысы Жаңабай Сағыныш «Халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа ала отырып, меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында Бейбітшілікті және конфессияаралық келісімді насихаттауға, діни экстремизм және терроризмге қарсы бағытталған іс-шараларды өткізу, тараптар ұйымдастырған ғылыми-методикалық семинарларда, ғылыми практикалық конференцияларда және басқа да іс-шараларда осы саладағы білімдері және тәжірибелерімен бөлісу, діни қызмет саласындағы өзекті мәселелер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша әдістеме-анықтамалық материалдарды бірігіп әзірлеу, тараптармен келісілген кез келген әрекеттестік түрлері және тәжірибелік жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.
Басқарма басшысы университет басшылығына алғыс айтты.
«Бұл біздің басқарманың алғашқы меморандумы. Біз үшін — тарихи сәт. Студенттердің жаздық демалысы кезінде университет базасында Имамдардың біліктілігін арттыру бойынша курс ұйымдастыру, яғни, 2 айлық курстан өткізу жоспарланып отыр. 80 немесе 100 имамды оқыту көзделген. Заңгерлік, ораторлық шеберлік, әлеуметтану, психология саласы бойынша Жетісу универсиеттінің оқытушылары дәріс берсе, діни бағытта мамандар «Нұр Мүбәрак» университетінен шақырылатын болады. Атқаратын жұмысымыз табысты болсын», – деді ол.
Әйгерім ИЕБЕКОВА