Ізденімпаз студент Асқар Рахым селекция ғылымына мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қызығушылық танытқан. 7 сыныптан бастап кәдімгі сары жүгерінің түрлі-түсті сортын алу үшін іздене бастайды. Жүгеріге жасаған селекцияны ғылыми тұрғыда жетілдіру мақсатында Асқар Жетісу университетінің агрономия мамандығына арнайы оқуға түседі. Білім ордасында жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Jas galym» байқауына қатысып «Sweet Rainbow» жобасын ұсынады.
-Түрлі-түсті жүгері өсіруді әлемнің көптеген елдері белсенді түрде тәжірбиеге енгізуде. Мексикада ақ, қара, күлгін, кемпірқосак түсті жүгерілер өсіріледі. Мұндай жүгерілер кәдімгі сары жүгерімен салыстырғанда көптеген қасиеттерге ие. Бірақ әлемдік аналогтар мал азығы (жем) ретінде пайдаланылады. Ал мен жасаған түрлі-түсті жүгері жеуге жарайтын қасиетімен ерекшеленеді. Оның құрамында адам ағзасына қажетті антиоксидант, каротин, ақуыз сынды дәрумендер бар. Жүгерінің тұқымын шағылыстыру арқылы 5 жылдың ішінде тәтті, түрлі-түсті жаңа тұқым алдым,- дейді Асқар Рахым.
Асқардың ендігі жоспары тағам ретінде пайдалануға болатын жүгерінің жаңа тұқымын көбейтіп, өсіру. Оның өнімділігін арттыру үшін жүгерінің «Үш тәтті» атты сортымен будандастырып, жаңа тұқымға патент алу. Одан соң «Тәтті кемпірқосақ» жүгерісін нарыққа шығару.