ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ ЖЕТІСУДА

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жетісу облысына арнайы жұмыс сапарымен келген болатын. Аймаққа ат басын тіреген ведомство басшысы алдымен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тыныс-тіршілігімен  танысты. Өңірлік жоғары  оқу орнының инфрақұрылымына  оң баға берді.

Университет базасында Жетісу облысының тұрғындарымен кездесіп, ғылым және жоғары білім жүйесін дамытудың негізгі мәселелерін талқылады. Кездесуге өңір тұрғындары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Министр Қазақстандағы ғылым, жоғары білім саласындағы негізгі жетістіктер мен нәтижелерге шолу жасады. Ол ел болашағы үшін білім мен ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, министрліктің стратегиялық мақсаттары мен басымдықтары туралы айтты.

Сондай-ақ қазіргі заманғы ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған негізгі үрдістер мен сын-тегеуріндерге талдау жасады.  Білім беру сапасын жақсартуға және ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған жоспарлар мен міндеттерге тоқталды.

Кездесу барысында Саясат Нұрбек  тұрғындардың сұрақтарына толыққанды жауап берді. Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушы-лекторы  Мадина Тумабаева 2030 жылдан кейін ҚР-да жоғары білім алуға арналған гранттар сақталып қала ма? – деген сұрақ қойды. Бұл мәселе балаларға арналған  «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесіне байланысты туындады. Мемлекет бес жасқа толған кезде бастапқы білім беру капиталын баланың шотына бір рет аударады деген болжам бар. Бұл ретте ата-аналар міндетті түрде сол шотқа шамамен бір-үш АЕК мөлшерінде ай сайынғы жарна төлеуі тиіс. Бала 18 жасқа толғаннан кейін, оның шотында белгілі бір сома жиналған кезде, ол жоғары білім алу шығындарын осы ақшамен жаба алады.

Министр «мемлекеттік гранттарды бөлу сақталады, ал жоспарланған «Келешек» бағдарламасы гранттың бөлінуіне ешқандай әсер етпейді», — деп жауап берді. Баланың шотындағы ақша оның грантқа түсуіне немесе түспеуіне қарамастан сақталады.

Министр кездесуге келгендерді тыңдап, маңызды мәселелерді белсенді талқылағаны үшін ризашылығын білдірді. Халықпен ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Жетісу облысындағы білім мен ғылымды дамыту стратегиясын әзірлеу кезінде айтылған барлық пікірлерді ескеруге уәде  берді.

Іс-шара соңында Саясат Нұрбек облыс азаматтарын жеке қабылдап, оларға өз мәселелері мен пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді. Азаматтар өңірдегі білім мен ғылым саласын дамытуға байланысты түрлі тақырыптарды талқылауға белсенді қатысты.

Бұдан соң министр «Биотехнология және экология» ғылыми-зерттеу институтында болып,  «Молекулалық генетика және геномика», «Биотехнология» зертханаларының жас  ғалымдарымен кездесті. Кездесуде  өзекті жобалар мен олардың даму перспективалары талқыланды. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы әзірлемелерге шоғырланған молекулалық генетика және геномика зертханасының жұмысының өзектілігін атап өтті.

Одан кейін журналистер үйінде брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Студенттер үйінде болып,жатақхана жағдайымен танысты. Ашық диалог құрып, жастар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарын қойды.

«Құқық және экономика жоғары мектебінің»  4 курс студенті Айбек Қанатбекұлы заңгерлер үшін стипендияны арттыру мүмкіндігі туралы сұрады. Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл белгілі бір мамандыққа деген сұранысқа байланысты.

Мәселен, болашақ оқытушылардың стипендиясы жоғары болу себебі — елде мұғалімдер, оқытушы кадрларының жетіспеушілігінен — деді.

Ведомство басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, студенттердің өңірдегі жоғары білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарын назарға алатынын атап өтті.

Министр жұмыс сапарының соңында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында салынып жатқан жаңа оқу-зертханалық кешен құрылысының барысын, университтің жабық бассейнін көрді.  Салынып жатқан оқу-зертханалық кешен құрылысы 2024 жылдың басында аяқтау жоспарлануда.

Бұл кешенге оқу және ғылыми зертханалар мен технопарк, дәріс аудиториялары, «STEM LAB: жаратылыстану ғылымдарының ғылыми-оқу зертханасы», сондай-ақ эксперименттік алаңды, Биотехнология және экология ҒЗИ ғылыми зертханаларын қамтитын бесінші буын жылыжайы кіреді, онда агробиотехнология саласында кадрлар даярлауды жүргізеді.

«Бұл университетте сапалы білім алу үшін ғана емес, денсаулықты нығайту мен әр түрлі және пайдалы демалыс үшін барлық жағдай жасалған»  — деді министр өз сөзінде.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх