Отандық ғалымдар «Қара сарбаз» (Hermetia Illucens) шыбынын өсіру — органика қалдығын өңдейтін ең тиімді әдіс екенін айтып келеді.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Айгерім Қамбарова «қара сарбаз» шыбынынан органикалық тыңайтқыш даярлап, Талдықорған маңындағы бірнеше шаруақожалықтарына сатып отыр.
Жас ғалымның айтуынша қара шыбынның құрттарын өндірумен әлемнің көптеген елдері айналысады. Жетісу өңірі аграрлық аймақ болғандықтан мұндай тыңайтқыштың қажеттілігін түсініп, осы жобаны қолға алған.
— Шыбындар мен дернәсілдерді оңтайлы климаттық жағдайлармен қамтамасыз ету арқылы оны жыл бойы өсіруге болады. Аналығы бір мезгілде 400-ден 800-ге дейін жұмыртқа салады. Ол небәрі 14 күнде жұмыртқадан дернәсілге айналады, орташа салмағы Х 4000. Яғни, 1 грамм жұмыртқадан екі аптада 4 кг дернәсіл жинай аламыз. Дернәсілдер аминқышқылына өте бай. Оның бірегей құрамы фармацевтика мен косметологияда кеңінен қолданылатын хитин және меланин алуға мүмкіндік береді.
Біздің мақсатты аудиториямыз — құс фабрикалары, балық фермалары, үй жануарлары дүкендері, жем өндірушілер мен фермерлер. Қазіргі таңда Талдықорған қаласының маңындағы шаруа қожалықтары күнделікті 20-25 кг тірі, 10-15 кг кептірілген дернәсілдерді сатып алады.
Сонымен қатар, қалған зоогумусты қаладағы ландшафтпен айналысатын фирмаларға көтерме бағамен сатып жатырмыз. Сұраныс өте көп болғандықтан, «қара сарбаз» шыбыны дернәсілін күніне 1 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.