
Медицина ғылымының атасы атанған Авиценна «Адам баласы үшін ең жақсы, ең маңызды тағам – сүт тағамдары» деген екен. Қымыз, шұбат, айран қатарлы дәстүрлі ашытылған (ферменттелген) сүт өнімдеріміз денсаулықты қорғау қасиеттерімен де, қоректік құндылығы жағынан да ел арасында жақсы сипатталады. Дәстүрлі сүт өнімдерінің адамдарға жағымды дәмі мен иісінің болуы оларды ашытатын микроорганизмдерге тікелей байланысты болады. Яғни олардың құрамында бірегей микробтық қауымдастық бар. Олар осы өнімдердің дәмінің, иісінің, қоректік құндылықтарының қалыптауында өте маңызды рөл атқарады. Қазіргі күнге дейін біздің дәстүрлі сүт өнімдерімізге байланысты зерттеулер әлі де ескі әдістермен жүргізіліп келді. Оның үстіне, дәстүрлі сүт өнімдерін өндірістік көлемде сапалы өндіретін технология әзірленбеген. Соның салдарынан дәстүрлі сүт өнімдеріміздің биохимиялық қасиеттеі мәліметтер жеткіліксіз. Өндіріс көлемі де аз, көбінесе ауылдық жерлерде, жеке отбасыларында шағын көлемде ғана дайындалатындықтан заманауи нарыққа шыға алмай отыр.
Жетісу университетінің Экология және Биотехнология Зерттеу Институтының биотехнология зертханасының меңгерушісі, биоинженерия бойынша PhD Жадыра Сағыманның жетекшілігімен бірнеше түрлі дәстүрлі сүт өнімдерімізге жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бұл жұмыстар сүт өнімдерінен микробтарды бөліп алудың қарапайым әдістерінен бастап, метагеномика, метаболомика, түрлі микробиомдық талдау сияқты заманауи әдістерді қамтитын болады. Зерттеу нәтижесінде, бірнеше түрлі дәстүрлі сүт өнімдеріміздің микробтық, метаболиттік профилі толық анықтап, ашыту процесін басқаруға болатын жаңа өнімдер мен заманауи өндірістік технологиялар дайындалады деп күтілуде.
Бұдан тыс зертхана ұжымы, экологиялық ортаны қорғау, денсаулық сақтау салаларында да микробиологиялық зерттеулерді ұйымдастыруды көздеп отыр.
Қазіргі уақытта зертхана қызметкерлері «Jas galym» жас ғалымдардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру аясында Жетісу облысының бірнеше аудандарында тұратын жергілікті отбасылардан жинап алынған Айран сынамаларынан сүт қышқылды бактерияларды бөліп алу, дәстүрлі және молекулярлық генетика әдістерін қолданып идентификация жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жетісу облысындағы Кербұлақ, Ақсу аудандарындағы бірнеше отбасылардан айран үлгілері алынды. Қазіргі таңда айран үлгілерінің микробтық құрамы зерттелуде.
Жетісу өңірінің тіршілігі ауылшаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, жергілікті тұрғындарда сүтті дәстүрлі жолмен ашытып пайдаланудың ұзақ уақыттық дәстүрі сақталған. Айран қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі сусыны. Жетісу өңірінің жергілікті отбасыларында дәстүрлі жолмен ашытылған Айранның микробтық құрылымы әлі толық зерттелмеген. Сүт қышқылды бактериялардың жергілікті штаммдарын алу, осы аталған дәстүрлі сүт өнімінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруда маңызы зор.
Биотехнология зертханасының негізгі мақсаты – Жетісу өңірінің аграрлық дамуына үлес қосатын микробиологиялық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу. Қазақстанда микробиологиялық зерттеулердің өндіріс, экологиялық ортаны қорғау және денсаулық сақтау қатарлы салаларда қолданылуына үлес қосу.
Биотехнология зертханасының негізгі міндеттері:
— Аграрлық әртүрлі объектілерінің — судың, ауаның, топырақтың және сүтқышқылды өнімдердің микробиомын зерттеу;
— Микроорганизмдердің жоғары белсенді өндірістік штамдарын алу және пайдалану;
— Микроорганизмдердің тіршілік әрекетіне негізделген технологиялық процестерді қарқындату және өнім шығарудың жаңа әдістерін әзірлеу;
— Тұтынушылардың денсаулығы үшін қауіпсіз азық-түлік өнімдерін шығаруға қатысу.






