Болмысы бөлек Балқия

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Мемлекеттік басқару
және менеджмент білім беру бағдарламасының қауымдастырылған
профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Балқия
Күлмесқызы Шөмшекова 70 жасқа толды.

Қашан көрсең де байсалды қалпынан танбайтын, білім мен ғылымның
тереңіне бойлаған, парасат-пайымы кең, көркем мінезді Балқия
Күлмесқызына қарап, неткен ғажап жан деп ойлайтыныңыз рас. Ал ол осы
болмысын жылдар бойы білімге деген құштарлығының, ғылымға деген
ынтасының арқасында қалыптастырды. Білімді үйрену үшін еңбек құмар
болып, денеңді жалқаулыққа билетпеуің керек,-деп ойшылдар айтқандай зор
талабының арқасында Сағабүйен ауылында туып-өскен қарапайым ғана
ауыл қызы ғылымның нәріне тереңнен бойлап, осы салаға саналы ғұмырын
арнады.
Балқия Күлмесқызы Жетісу облысы Ақсу ауданы Сағабүйен ауылында
көп балалы отбасында дүниеге келді. Отбасындағы 11 баланың бесіншісі.
Әкесі Күлмес пен анасы Нұржамал қарапайым шаруа адамдары болса да
барлық балаларының білім алуына жағдай жасады. Мектеп табалдырығын
Ақсудағы мектеп – интернатта аттаған Балқия 5 сыныпқа барғанда Алматы
қаласындағы №2 экспериментальды мектеп-интернатқа байқау арқылы
ауысады. Оны 1973 жылы бітіріп, ауылға келіп ата-анасына қолғабыс
жасайды. Бала кезінен зерек, білімге құштар қыз көп ұзамай 1975 жылы
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (ред. қазіргі ҚазҰУ)
түседі. Философия және саяси экономия факультетінің «Саяси экономия»
мамандығын тәмамдап, 1980 жылы ҚР Білім министрлігінің жолдамасымен
І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтына
оқытушылық қызметке қабылданады.
Саяси экономия – қоғам дамуының түрлі сатыларында
тұрмыстық игіліктерді өндіруде, бөлуде, айырбастауда және тұтынуда
адамдар арасындағы өндірістік қатынастардың жұмыс істеу және даму
заңдарын зерделейтін ғылым; мемлекеттің экономикалық шаралар
жүйесі.
Содан берi аймақтағы жоғары бiлiм ордасында 44 жыл бойы үзбей
жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын кафедра ассисентiнен бастаған Балқия
Шөмшекова бұл күнде қауымдастырылған профессор.
«Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына байланысты
жүргізілген түбегейлі реформалар мен нарықтық экономика талабына сай,
жаңа форматтағы мамандарды дайындау қажеттілігі туындады. Елімізде
нарықтық қатынастарды қалыптастыру, оның заңдылықтарын бұқара
халыққа жеткізу, таныстыру, жаңа талаптарды орындаудың теориялық,
әдістемелік және практикалық қырлары бойынша жұмыс жүргізу үшін

әдебиет, оқулықтар тапшы болатын. Сонымен бірге әрбір кезең жеке индивид
алдында жаңа талаптар қояды. Оны жүзеге асыру сол буынның міндеті
сияқты. Мен көп ойландым. Жаңа қоғам, нарықтық экономикаға сай білім
беру туралы пікірімді сол кездегі институт ректоры Аманжол Қасабекке
баяндап, «Философия және саяси экономия» кафедрасы негізінде жаңа
«Экономика және менеджмент» кафедрасын ашу туралы ойымды айттым. А.
Қасабек ірі ғалым, көрегенді басшы, тамаша ұйымдастырушы болатын. Ол
кісі мені бірден қолдап 1996 жылы институтта Экономика және менеджмент
кафедрасы құрылды. Бұл біздің өңір үшін нағыз жаңалық болды. Институт
ұжымы, қала, облыстағы көпшілік қауымның қуанғаны есімде»-дейді Балқия
Күлмесқызы.
Жаңа кафедра Жетісу жастарын ауылшаруышылық экономикасы мен
менеджменті, қаржы, мемлекеттік басқару және менеджмент, есеп және
аудит, кеден ісі сияқты сұранысқа ие мамандықтарға оқыта бастады. Ол кезде
кафедраның оқытушылары жаңа ашылған мамандық бойынша оқу
жоспарын, жалпы экономикалық пәндердің бағдарламаларын өздері құрып,
жүргізетін еді. Қазіргідей оқыту стандарттары мен әдістемелер,
нұсқаулықтар болмайтын. Балқия Күлмесқызы әріптестері Меруерт
Төреғожина, Раузия Габдуллинамен бірге микроэкономика,
макроэкономика, менеджмент теориясы мен практикасы, бизнес негіздері,
сапаны басқару, өтпелі дәуір экономикасы және т.б. пәндерді оқу жоспарына
кіргізіп, оның бағдарламасы мен мазмұнын құрып, оқу процесіне енгізген еді.
Бүгінгі күні бұл бастама аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына
өзіндік үлес қосты деп айта аламыз. Қазір І.Жансүгіров атындағы Жетісу
университетіндегі экономикалық мамандықтарды дайындау жаңа сапалық
деңгейде және үздіксіз білім беру қағидасына бейімделіп, үш деңгейлі білім
беру бакалавриат — магистратура — доктарантура бойынша жүргізілуде.
Осылайша тың идеясымен, бастамашылдығымен ерекшелене білген
Балқия Күлмесқызы университеттегі экономика факультетінің негізін қалап,
Талдықорған педагогикалық институтының көпсалалы университетке
айналуына еңбек сіңіріген бірден бір оқытушы-ғалым.
Балқия Күлмесқызының ғылым жолындағы ұстаздарына алғысы
шексіз. Академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сақтаған
Байышов, академик Мұхтар Әлиев, экономика ғылымдарының докторы,
профессор Рашид Куватов сынды атақты ғалымдардан дәріс алып, білім мен
ғылымның шыңына өрледі. Ғылыми iзденiсінің нәтижесiнде 1999 жылы Р.
Куватовтың жетекшілігімен «Экономиканың аграрлық саласында
шаруашылықтың жаңа нысандарын дамыту және жетілдіру» тақырыбында
кандидаттық диссертациясын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінде сәтті қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты
дәрежесіне ие болады.
Оның 100-ден астам ғылыми-зерттеушiлiк және оқу-әдiстемелiк
құралдары мен т.б. еңбектері бар, оның ішінде 3- монография, 2-электронды
оқу құралы, 15-оқу құралы. «Корпоративтік қаржы», «Коммерциялық
банктердегі қаржылық талдау», «Коммерциялық банк қызметтерін қаржылық

талдау» сынды оқулықтары оқу үрдісінде кеңінен пайдаланылады. Одан
басқа ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім
берудің кредиттік технология жүйесіне өтуіне байланысты түрлі зерттеулер
нәтижелері Scopus базасы мен шетелдік, отандық ВАК басылымдарында,
түрлі форумдар мен халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-
практикалық конференцияда оқыған баяндамалары жарық көрген.
Балқия Күлмесқызы оқытушы-ғалым ретінде «Самұрық Қазына»
АҚ «Даму. Кәсіпкерлікті дамыту қорының» лекторы, «Бизнес-кеңесші»
ретінде кәсіпкерлер арасында тренинг-семинарлар жүргізу арқылы,
кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнестің дамуына қаржылық емес
көмектер көрсету бойынша Атырау және Алматы облысының қалалары мен
аудандарында «Бизнес-тренер» ретінде бірнеше жобаларды іске асырған.
«Алматы облысының әлеуметтік-экономикасының 2015 жылға дейінгі
кешенді даму бағдарламасын» әзірлеуге үлес қосқан ғалым.
Экономика дегеніміз қоғамның тиімді дамуына, ел мен жердің
өркендеуіне жол ашатын, бағыт беретін ғылым. Экономиканы білмесек
мемлекет дамымайды. Экономика заңын меңгермесек пайда мен шығын
жолдарын айқындай алмаймыз.
Сонымен қатар Алматы облысының аймағы бойынша
фундаментельді және қолданбалы бағыттарда зерттеу жүргізу үшін
құрылған «Аймақтық экономикалық зерттеу орталығының» жетекшісі.
Қазіргі уақытта бұл орталық Құқық және экономика жоғары мектебінің
көптеген профессорлық-оқытушылар түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын
және докторанттар, магистранттар мен білімгерлердің дипломдық,
диссертациялық жобаларының зерттеу объектілерін үйлестіруші міндетін
атқарып отыр. Орталық қызметкерлері Алматы облысының әлеуметтік-
экономикалық саласының алуан қырларын нақты мәліметтер көмегімен
талдау, зерттеу арқылы қорытынды мен ұсыныстарды (3-монография, 36
тезистер мен статьялар) түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік
конференциялар мен форум материалдарының жинағында жариялады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда бизнес-білім беру нарығы салыстырмалы
түрде қалыптасқан. Мысал ретінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу
университетінде Құқық және экономика жоғары мектебіндегі «Мемлекеттік
және жергілікті басқару, менеджмент» білім беру бағдарламасы аясында
қоғамдық өндірістің жеке салалары үшін, оның ішінде «Стратегиялық
менеджмент» және «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» МВА
Execuitive бағдарламасы бойынша бизнес-білім берудің практикалық
бағдарламасы 2021 жылы Жетісу университетінің Ғылыми кеңесінің
ұсынысмен және сала министрлігінің қолдауымен бекітілген болатын.
Аталған МВА Execuitive бағдарламасы денсаулық сақтау саласындағы
ұйым басшылары мен жетекші кадрлар тарапынан сұранысқа ие болып, 2021-
2022 оқу жылында аталған бағытты 9-жоғары білікті дәрігер (Астана,
Алматы және Талдықорған қалалары) МВА Execuitive — іскерлік
әкімшілендіру магистрі дипломына ие болса, 2022-2023 оқу жылында осы
бағытта білім алған денсаулық сақтау мекемелерінің 13 маманы, оның ішінде

емхана және бөлім басшылары, бас дәрігерлері білім қоржынын жаңа
біліммен толықтырды. Биыл «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент»,
«Стратегиялық менеджмент», «Білім беру саласындағы менеджмент» және
«Заң саласындағы менеджмент» бағдарламалары бойынша 42 адам білім
алуда. Олар денсаулық сақтау, педагогика және заң саласындағы заманауи
менеджменттің қағидалары бойынша саланы ұйымдастыру, жоспарлау және
мотивация мен бақылаудың әлемдік қолданыстағы түрлі аспектілерімен
танысып, алуан түрлі тәуекел жағдайында басқарудың ерекшеліктерін және
оның озық инструменттерін қолдану тәжірибесін үйренуде. Одан басқа
жаһандану жағдайындағы орын алатын түрлі жағдайларға байланысты ҚР
нақты жағдайында шешім қабылдаудың заманауи практикалық қырларын,
оның құқықтық-нормативтік актілерге сай негіздері бойынша білім
бағыттарын игереді. Оқытушы-ғалымның пікірінше осындай ілгерлі
сұранысты анықтап, соған сай оқытуды қолға алып, қызметтерді сапалық
деңгейде ұсына білген жоғары оқу орындарының рөлі арта түспек.
Балқия Күлмесқызы кәсіби біліктілігін арттырып, үнемі ізденіс үстінде
жүреді. «Темпус» бағдарламасы шеңберінде жобаларды мақсатты
даярлаудың әдістемелік тәсілдері, «Кәсіпкерлерді оқыту» бойынша мастер-
класс, «Болон процесіндегі академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша
халықаралық семинар, «ҚР Еңбек Кодексін қолдану заңдылықтары»,
«Корпоративтік басқару», «Ұлттық ақпараттық технологиялар», «ЛСЕВЕР»,
«Коммуникация және интернет жарнама», «Tempus», «People» және
Т.Рыскулов атындағы жаңа экономикалық университет ұйымдастырған
«Университеттердің HR менеджменті», «Экономиканың реалды
секторындағы кәсіпорындардағы экономистердің практикалық жұмыстарына
арналған эконометрика» сынды көптеген семинар-тренингке қатысып өз
білімін шыңдап отырады. Былтырғы жылы Бішкек қаласындағы Б. Ельцин
атындағы Қырғыз-Ресей Славиян универсиетінде ұйымдастырылған
«Менеджмент» пәні бойынша және Польша мемлекетінің Катович бизнес
университетінде «Creativity and innovation in human resourses management»
тақырыбы бойынша тағлымдамадан өтті.
Балқия Күлмесқызы ұлағатты ұстаз, білікті оқытушы, танымал ғалым
болумен қатар қоғамдық жұмысқа да өте белсенді. Ол Алматы облысы
бойынша мемлекеттік Кірістер департаментінің консультациялық Кеңес
мүшесі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқулық, оқу-
әдістемелік әдебиеттерді баспаға ұсынатын сараптау тобының мүшесі,
Ғылыми-техникалық кеңес мүшесі, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі. Сонымен
қатар ол кісі ғалым-оқытушы ретінде ел өмірінде болып жатқан түрлі
қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сараптама жүргізіп
көзқарасы мен пікірін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде
«Егемен Қазақстан», «Білімді ел» «Жетісу», «Талдықорған», «Жетісу
университеті» және ақпараттық порталдарға жариялап отырады.
Қауымдастырылған профессор, экономика ғылымдарының кандидаты
Б.К. Шөмшекова ұзақ жылдар бойы еліміздің әлеуметтік-экономикалық
дамуына және жоғары білім саласына қосқан үлесі үшін талай рет

марапатталды. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ректорының,
Алматы обысы әкімінің, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс
хатынан бөлек ҚР ҒБМ «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Президентінің
Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Ерен еңбегі үшін» төс
белгісімен марапатталған. Білім және Ғылым Министрлігінің «Жоғары оқу
орнының үздік оқытушысы-2022 » грантының иегері. Ол отбасында аяулы
жар, ардақты ана. Ұлы Айдос кәсіпкер. Қызы Эльмира ана жолын
жалғастырып ғылым жолында, PhD. Шетелде алған білімін Жетісу
университетінің өркендеуіне арнауда. Немересі Алима шахматтан Азия
чемпионы, спорт шеберлігіне кандидат. Жары Өмірсерік Қыдырбайұлы
ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы. Балқия ұстаздың өмір жолы
–еліміздің әрбір жасына үлгі.

Данияр ҚАЛДИЯРОВ,
Экономика ғылымдарының докторы,
профессор.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх