Тілді құрметтейік, ұлттық танымнан тамыр үзбейік!

Жыл басында ресейлік тележурналист Тина Канделаки «Қазақстанда орыс
тілін ығыстырып жатыр» деп айды аспаннан бірақ шығарған болатын.
Провокациялық постты оқып, таң-тамаша болдық. Шын мәнінде
«халықаралық дәрежедегі» тілге қиянат жасалып жатыр деп байбайлам салу
таңқаларлық жағдай. Әсіресе, бұл еліміздегі орыс тілді аудитория арасында
көп талқыланып, қоғамдық резонанс тудырды. Алайда, сырттан тон пішіп,
бөтен елге іріткі салмақ болған ресейлік журналистің жат пиғылы көп ұлтты
еліміздің бірлігіне сызат түсіре алмады. Қайта бекемдей түсті. «Тик-ток»,
«Инстаграм», «Фейсбук» сияқты әлеумет өз пікірін ашық айтатын
желілердегі оқырмандардың көзқарасын бақылап, сараптама жасадық.
Көптеген қазақстандық өзге этнос өкілдері бұған наразылық білдіріп
бейнеүндеу жариялап жатты. Олар: «Тина, тыңда саған арналады! Мен
қазақпын, мен айтатын ән қазақ», «Бұл кім десең? Мен қазақпын, мың өліп
мың тірілген. Көк байрақ туым бар, елім бар, жерім бар» — деп қазақша ән
сала бастады. Ұлты өзге болғанымен жүрегі қазақ деп соққан кейбір
жерлестеріміз тарихи жер-су атауларын қайта қалпына келтіргенде тұрған
ештеңе жоқ екенін, оған түсіністікпен қарайтындарын жеткізді.

Мемлекеттік тілді қадірлеу, оның қолданыс аясын кеңейту – орыс тіліне
жасалған қиянат емес екендігін көптеген қазақстандық шын түсінгеніне
қуандық.
Керісінше, біле білген адамға орыс және қазақ тілін қатар меңгеру –
біздің қоғам үшін үлкен игілік болып отыр. Қалай болғанда да, бұл жайт –
«тіл мәселесі» бейжай қарауға болмайтын, елдің бірлігі мен тұтастығына зор
ықпал ететін басты фактор екенін ұғындырды.

Сонымен, Қазақстанда шын мәнінде орыс тілінің аясы тарылып бара ма?
Әрине, жоқ!

Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ тілі тек ауылда, отбасы ошақ қасында
қолданылады дедік. Қазір сол ауылдың бәрі қалаға көшті. Бірақ, қала
қазақыланып кеткен жоқ, әр ауладан орысша шүлдірліген қазақ балаларын
күнде көріп жүрміз. Кейбір ата-аналар, ата-әжелер өздері орысша білмесе де,
балаларының орыс тілді болып өскенін қалайды. Өйткені елімізде орыс тілі
бәрібір басымдыққа ие екенін біледі.

Өткенде әлеуметтік желіде бір зейнеткер қазақ әже өз оқырмандарына
былай деп бейнеүндеу жариялады: «Маған «қазақша сөйле», — деп үйретпей-
ақ қойындар! Мен сендерге бала емеспін, кеңестік заманды көрген адаммын.
Егер сол кезде «Грузин тілінде сөйлеңдер!» — деген бұйрық болғанда, мен
дәл қазір гүржі тілінде сайрап тұрар едім. Орысша сөйлесем, мені көп
оқырман көрсін, білсін деген ниетпен сөйлеймін».

Бір адамның аузынан шыққан сөз болғанымен, ана тілін білмейтін, тіпті
білуге талпынбайтын тұтас буынның айтатын уәжі осы.

Өзінің туған тілін білмеуін кеңестік жүйеге жабатын мұндай «Хомо
советикустарды» (Homo soveticus — советтік көзқарастағы адамдар) қалай
ақтауға болады?

Кезінде «Еркін республикалардың мызғымас одағын Ұлы Ресей мәңгі
біріктірді» — деп әндеткен, солтүстігінде және шығысында Ресеймен
шекаралас Гүржістан елінің, Латвия, Эстония елдерінің қазіргі буын жастары
орыс тілін біле ме? Жоқ. Өйткені ол елдерде орыс тіліне шетел тілі мәртебесі
беріліп, орыс тілі тек мемлекеттік емес мектептер мен жоғары оқу
орындарында оқытылады.

Ал біз, орыс тілінде сөйлесем аудиториямның ауқымы үлкен болады
деп, әлі де орыс тілінің болашағына сенеміз. Орыс тілі – 258 млн
аудиторияны бағындыру болса, қазақ тілі – 200 млн түркі тілдері
аудиториясымен еш қиындықсыз байланыс орнату. Мәселен, өзбек,
қарақалпақ, қырғызды былай қойғанда орыс тілін мүлде білмейтін
анадолыдағы түрік бауырларымызбен өз тілімізде түсінесе аламыз. Қазақ
тілін еркін меңгерген адам үшін түрік тілін үйрену өте жеңіл. Бұл да
тіліміздің артықшылығы деп бағалап, қанша тіл білсек те, ана тіліміздің
дәрежесін олардан биік қоюды қашан үйренеміз?

Жоғарыда айтқандай, елімізде мемлекет тарапынан орыс тіліне ешқандай
шектеу қойылып отырған жоқ. Қазақстанда титулды ұлт қазақтар екенін
ескерсек, (70,65%) қазақ тілінің қоғамда кең қолданысқа ие болуы табиғи
құбылыс. Сондықтан, туған тілінің құрып кетпеуіне жанашырлық танытып,
мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткен адамды арандатушы деп санау
ақымақтық.

Қайта қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдыру үшін мемлекет
тарапынан тілге қамқорлық қажет.

Мәселен, бар-жоғы 10 млн. халқы бар чехтар өз ана тілін көздерінің
қарашығындай сақтап, қатты құрметтейді. Чехияда тұрақты тұруға рұқсат
алу үшін мемлекеттік тілді кемі А2 деңгейінде білу шарт. Ірі компаниялар
жұмысқа аларда чех тілін талап етеді. Чех тілін білген кез келген шетелдік ол
елге оқуға тапсырарда чехия азаматтарымен тең құқыққа ие. Жалпы, Еуропа
елдерінің барлығы ана тілін жанындай қорғап отыр. Қазір Еуропа Одағында
шекара жоқ. Қорғаныс, экономикасы ортақ болғанымен 25-тен аса елді бір-
бірінен тек тілі мен ділі айшықтап тұр.

Ал бізде қалай? Алматы, Астана сияқты ірі мегаполистердегі бай-
бағландардың балалары оқитын жекеменшік, мықты мектептердің дені орыс
тілінде. Мәселен, Астанадағы 66 жеке меншік мектептің тек бесеуі ғана қазақ
тілді, он бесі орыс тілінде, қалғандары аралас тілде оқытады екен. Ол
«мықты мектептер» қаншама орыстілді қазақ элитасын түлетіп жатқанын
ескерсек, соңғы 30 жылда қазақ тілі өзінің тұғырына қонады деп ойлаудың
өзі күмәнді.

Этнолингвист Д.Н.Овсянико-Куликовскийдің пікірі бойынша
«Сәбидің тілі шыққанға дейін ұлттық психологиялық белгілері болмайды. Ол
– интернационалист. Ал біз осы ұлттық танымы қалыптасып үлгермеген
балаға ютубтағы осыдан бірнеше жыл бұрын шыққан «Үш мысық», «Маша мен аю» «Катя мен Макс» сияқты орыс тіліндегі ресейлік контенттерді
көрсетеміз.

Осыдан кейін, өз дүниетанымы, өз көзқарасы бар дербес халық ретінде
және ұлттық мемлекет ретінде қалыптасып болған жоқпыз – деп қалай ғана
уәж айтамыз?

Алдымен орысша ойлап, оны қазақша аударатын адамда қандай ұлттық
дүниетаным болмақ? Әйтпесе, қоғамдық орындардағы есікке «Өзіңнен» — (от
себя — сөзінің тура аудармасы) деп жазып, шыны ыдысқа «Үйірме» — деп
(кружка – сөзінің тура аудармасы) жазамыз ба? Толық ой аяқталып тұрған
сөйлемге «болып табылады» деген тіркесті қыстырамыз ба? Мәселен,
ағылшындар «push-итер», «pull-тарт» дейді. Бізге де қоғамдық орындардағы
есіктің сыртына «итер», «тарт» – деп неге қысқа да нұсқа жазбасқа? Қазіргі
таңда ағылшын тілі сөзсіз ғылым мен технология тілі болғандықтан, аударма
жасағанда орыс емес ағылшын тіліне жүгінгеніміз дұрыс.

Айта берсек мұндай мысалдар өте көп.
Ең бастысы, ұлттық танымнан тамыр үзіп қалмасақ болғаны.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх