І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Тау тұлғалы Ілияс» атты
республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға зиялы
қауым өкілдері, Ілиястанушылар, тарихшылар, ақынның ұрпақтары, қалалық,
облыстық Ілияс оқуларының жеңімпаздары, БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен конференция қонақтары Ілияс Жансүгіровтің ескерткішіне тағзым
етіп, гүл шоқтарын қойды.
Университет фойесіне І.Жансүгіров әдеби музейі, М.Шамсутдинова
атындағы ән-өнер шығармашылық музейі, П.Васильевтін музей-үйінің
жылжымалы көрмелері және С.Сейфуллин атындағы кітапхананың кітап көрмесі қойылды. Шараның ашылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің
орынбасары Марлен Көлбаев сөз алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев алыстан ат арылтып
келген рухани әлемнің өкілдеріне алғыс айтты. Ректор өз сөзінде
«университетіміз — қазақ халқының біртуар перзенті, сөз зергері, Жетісудан шыққан саңлақ атымен аталғандығы біз үшін мақтаныш болса, сонымен бірге үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді», — деді.
Конференция аясында «Ілияс Жансүгіров» монографиясы, «Өтірік өлеңдер» жинағы, Саят Ілиясұлының әкесі жайлы жазылған естеліктерінен құралған жинақ кітаптарының тұсауы кесілді.
Сондай-ақ, ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры Е.Қасенов, ҚазҰУ-дың докторанты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
ғылыми қызметкері Н.Набиолла, П. Васильевтің музей-үйінің басшысы З.Маяц, Жетісу университетінің филология ғылымдарының докторы, профессоры М.Иманғазинов, филология ғылымдарының кандитаты,
қауымдастырылған профессор Ш.Кыяхметова ғылыми баяндама жасады.