І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жоғары жаратылыстану мектебі мамандарының командасы IT-орталық директоры Жалғас Ахметовтың жетекшілігімен «Қашықтықтан оқытуға арналған заманауи — DaVinci интерактивті бейнестудия» әзірлегені үшін патент алды. Бейнестудия онлайн курс, бейнесабақ жазуға және вебинарлар өткізуге арналған.
Жоба авторының айтуынша, онлайн оқытуға сұраныстың артуына байланысты білім беру мекемелері бейне контент құра отырып, сапаға ерекше назар аударуы тиіс. Бұл тұрғыда студия студенттерді білім беру процесіне тарта отырып, дәрістерді жазу және онлайн сабақтарды, соның ішінде стримдерді өткізу үшін барлық қажетті құралдарды ұсынатын оқытушылардың таптырмас кәсіби шешіміне айналды.
Бұл технологияны Сколково, Skillbox, Синергия университеті және көптеген білім беру саласындағы көшбасшылар белсенді қолданады. Алайда, шетелдік әріптестерден айырмашылығы, бейне студияның отандық нұсқасы қол жетімді бағада. Мәселен, Жалғас Ахметовтың командасы құрған интерактивті студия 1 млн. теңге шегінде бағаланса, IDesk (10 млн.теңгеден астам) SVETAK (шамамен 4 млн. теңге) сияқты ресейлік аналогтары анағұрлым қымбат.