КӨРКЕМ МІНЕЗ, КЕМЕЛ ОЙДЫҢ ИЕСІ (Мұратбек Мүбаракханұлы 60 жаста)

Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1994 жылдың қыркүйегінде
І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінде қазақ тілі мен
әдебиеті мамандығы жаңадан ашылып жатқан тұста оқытушылық
қызметке Мұратбек Мүбаракханұлы екеуіміз бірге қабылдандық. Сол
күннен басталған біздің әріптестік жолымыз үлкен достыққа ұласты.
Сол сыйлас жанға айналған Ілиястанушы ғалым, филология
ғылымдарының докторы, профессор Иманғазинов Мұратбек
Мүбаракханұлы бүгінде алпыстың асқарына шығып отыр.
Мерейлі жас ол сенің жүріп өткен жолыңа есеп беріп, өткеніңді
бағамдап, баға беретін күнің іспетті. Сол сәтте маңдай терің төгілген
еңбегіңнің нәтижесімен бағындырған белестеріңді, асқан асуларыңды,
орындалған армандарыңды, қол жеткізген мақсаттарыңды қанағат тұтып,
болашаққа бағдар жасайсың.
Өткен күнге ой жүгіртсем, досымның ғылымдағы ізденісі, ұлағатты
ұстаздық жолы, отбасындағы тіршілігі санамда қайта жаңғырады.
Оның текті тұлғасының, бекзат болмысының, кербез келбетінің,
кішіпейіл мінезінің түп негізі өскен ортасынан, топырағы киелі туған жерінің
табиғатынан бастау алады.

Мұратбек Мүбарақханұлы Алматы облысы Алакөл ауданы Тоқжайлау
(бұрынғы Дзержинск) ауылында 1964 жылы 4 ақпанда дүниеге келді.
Тоқжайлау ауылының тұнып тұрған табиғаты бала Мұратбектің санасына
сұлулықтың сырын ұқтырды, жүрегіне нәзіктікті ұялатты.
Төрт қыздың ортасында жалғыз ұл боп ерке өскен Мұратбектің де
мінезі «жібектей есілген» биязы мінезбен қалыптасты. Әкесі Мүбаракхан сөз
қадірін білген, көкейіне келген келелі ойын «тобықтай түйінге» сыйдырған,
шабыты келгенде домбыраның сазды үніне өз әуенін үйлестірген кемел адам
болған. Қазақтың шежіре дастандарын, ескі әңгімелерін көп білген. Әкенің
бойындағы осы қабілет-қарымы ұлына дарыды, ер жетті, есейді, оңы мен
солын таныды. 1982-1984 жылдары Кеңес Одағы қарулы күштері қатарында
болды. Әскерден оралған соң алғашқы еңбек жолын 1984-1986 жылдары
құрылыста жұмысшы болып бастады. 1986 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсуі арман қуған
жастың жарқын болашағына жасаған маңызды қадамы еді. Студенттік
белсенді өмірге бел шеше кірісті, университеттегі жастар ұйымының,
кәсіподақ ұйымының төрағасы болды, жастар мәселесінің түйінін оңтайлы
шешілуіне ат салысты. Университетті 1991 жылы үздік дипломмен аяқтап,
сол жылы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейіне
ғылыми қызметкер болып қабылданды. Міне, жас зерттеушінің ғылымдағы
алғашқы ізденіс іздері осылай басталды.

Шығармашыл тұлғаның зерттелінбей жатқан тұстарын ғылыми
айналымға түсірсем деген айқын мақсат, асқақ мұрат Жетісу өлкесінде
алғашқы сарабдал Ілиястанушы ғалымды қалыптастырды. 1995 жылы
І.Жансүгіровтің туғанына 100 толуына орай ең алғашқы ғылыми еңбегі «Жан
қайығын жарға ұрдым» деген естеліктер жинағы жарыққа шықты. Осы тұста
І.Жансүгіровтің қызы Ильфа Ілиясқызы Мұраттың политехникалық
колледждің жатақханасында тұратынын көріп, «ғылыммен айналысу үшін
адамға жағдай керек, мына жер саған қолайсыз болады, қаладағы Қаратал
шағын ауданында біздің үйімізге барып тұр» деп ұсыныс айтады. Көп ұзамай
сол үйге Мұрат шаңырағымен көшіп барады. Ілиястай ұлы тұлғаның
ұрпағынан қалған бұл шаңырақ Мұрат үшін де қасиет қонған құт мекен
болды. 1998 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор
Т.Кәкішұлының жетекшілігімен «Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық
лабораториясы (прозалық туындылары негізінде») тақырыбында
кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол – Жетісу өңірінде қазақ
әдебиетінен ғылым кандидаты дәрежесін алғаш алған ғалымның бірі.
Мұратбек Мүбаракханұлының Ілияс мұрасына деген қызығушылығы, сол
мұраны бүгінгі және келешек ұрпаққа қайтаруға, жастарды осы біліммен
қаруландыруға деген ғалымның ыстық ықыласы кәсіби қызметінде оны өрге
жетеледі. Оның ғылыми-педагогикалық қызметі өз мамандығына аянбай
қызмет етудің тамаша үлгісі болып табылады.
Мұратбек Мүбаракханұлы әртүрлі кезеңдегі шетел әдебиетінің тарихы
және әлемдік көркем әдебиет бойынша курстардан сабақ берді. Бұл
ғалымның әлем әдебиетін өзгеше қырынан, қазақ әдебиетімен үндестікте
зерттеуге деген ынтасын тудырды. Зерттеуші ғалымның жоғары эрудициясы
мен дарыны оған ең күрделі ғылыми мәселенің де сәтті шешімін табуға
мүмкіндік берді. Ғылым жолындағы «инемен құдық қазғандай» еңбегінің
нәтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор
Т.Кәкішұлының жетекшілігімен 2008 жылы «Қазақ және антика
әдебиеттеріндегі сюжеттік үндестіктер» атты докторлық диссертациясын
қорғады. Көне мифтер, көне құдайлар туралы және қазақ әдебиеті мен шетел
әдебиетінің сабақтастығын бар ынта-ықыласымен сөз етуі ғалымды ерекше
шабыттың шыңына жетеледі.
Сарқылмас шығармашылық қайраты, кең ой-өрісі, табандылығы,
жемісті ғылыми-педагогикалық жұмысының арқасында профессор Мұратбек
Мүбарақханұлының еңбегі жоғары бағаланып, лайықты құрметке бөленді.
2008 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын алды, 2012 жылы ҚР Білім
және ғылым министрлігінің іргелі және қолданбалы зерттеулер жобасының
грантына ие болды. 2009 жылы Греция, Италия, Германия мемлекеттеріндегі
жоғары оқу орындарында, 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми
тағылымдамадан өтті.
Қазір «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі.
Алты іргелі еңбек пен 100-ге тарта ғылыми, әдеби-публицистикалық ғылыми
мақалалардың авторы: «Жан қайығын жарға ұрдым» (1994), Ілияс

прозасындағы дәуір дидары (оқулық, 2000), Ілияс Жансүгіров. Монография
(2004), Антика әдебиеті. Монография (2006), Антика әдебиеті. Оқу құралы
(РУМС, 2013 ж.), сондай-ақ, І.Жансүгіровтің 125 жылдығына орай шыққан
20 томдық еңбектің жауапты шығарушысы, редколлегия мүшесі. Оның
ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне ғалымдар белсенді сілтеме
жасап, оқу үдерісінде қолдануда. Қазақ және орыс тілінде жазылған
«Ілиястану» оқулығы университеттегі барлық мамандықта оқытылатын
«Ілиястану» пәнінде пайдаланылады.
Отбасындағы бақыты – ол жеке әңгіме. Жүрегіне иман ұялаған, «ұяда
ілгені бар» ибалы жан-жары Жемісжанды досымыздың маңдайына бұйырған
бағы деп бағалаймыз. Олардың танысып жұптасуының өзі де романтика.
Жемісжан да әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия
факультетінде оқыған. Аққу мойын, аққұба өңді, қиғаш қасты, бойы сұңғақ
аруды көргенде «осы қыз менің болашақ жарым болады» деп бірден сөз
салады. Оқу бітірген соң отбасын құрады. Жемісжан ер азаматының ғылым
көкжиегіне көтерілуіне жан-жақты қолдау көрсетті. «Наурыздың ақша
қарындай» сұлулығы, келісті кербездігі ішкі жан дүниесімен үйлестік тапқан
Жемісжан шаңырағының ұйытқысы, берекесі. Екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
Тұңғыш қыздары Гүлнұр Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университетінің ағылшын және корей тілі
мамандығын тәмамдап, Оңтүстік Корея республикасы Пусан қаласында
университетте магистратура бітірді. Қазір Катар мемлекетінде қызмет
жасайды. Ортаншы қызы Назерке С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық
медицина университетін бітірген, тұрмыс құрған, үш баласы бар, жолдасы
Думан әскери қызметте. Үйдің ерке кенжесі Қасымхан политехникалық
коллдежде оқиды. Қасымханның дүниге келуінің өзі бір тарих. Мұрат өзі
төрт қыздың ортасында ерке болып өскен жалғыз ұл болғандықтан, қарт ата-
анасы ашық айтпаса да іштей сол жалғыз ұлының ұрпағын жалғастырар ұл
болса екен деп тілейді. 2004 жылдың тамыз айында Мұраттың жетекшісі
Кәкішев Тұрсынбек ағай мен Халық қаһарманы Қасым Қайсенов өзінің туған
жері Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асу-бұлақ ауылына жолға
шығады да, жол жөнекей Мұраттың шаңырағына соғып, дәм татады.
Дастархан басында мән-жайды ұққан батыр атамыз Қасым Қайсенов қолын
жайып «атқа мінер, қамшы ұстар ұл келсін шаңыраққа» деп ақ батасын
береді. Міне, үйдің сүт кенжесі Қасымхан осындай үлкен тілекпен, арманмен
дүниеге келген бала.
Мерейтой дегеннің өзі сол адамға деген жылы лебізіңді білдірудің
тамаша мүмкіндігі. Мұратбек Мүбарақханұлы өз айналасында
шығармашылық бәсекелестік атмосферасын құрды. Ол өзінің тұлғалық
болмысымен, пайым парасатымен, адами қалпымен, мәрттігімен, сөздің қадір
қасиетін құнттай алатын пәлсапашыл саңлақ санасымен ұжымда,
достарының ортасында, отбасында құрметке бөленген жан.
Досыма тілегім, ізгілік ұялаған рухани болмысымен елі елейтін, халқы
қалайтын Ел ағасы болсын!

Мамиля Жақыпбекова

қауымдастырылған профессор,
филология ғылымдарының
кандидаты.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх