Түркі әлемінің алтын бесігі — Түркістан қаласында ІІ түркі Универсиадасы өтті. Туыстас түркі елдерінің студенттері арасындағы байрақты бәсекеде Жетісу университетінен волейболдан қыздар командасы да қатысып, жеңіс туын желбіретуге өз үлестерін қосты.
Осылайша Қазақстанның волейболдан қыздар құрамасы II Түркі Универсиадасында алғашқы алтынды қанжығасына байлады. Әйелдер волейболында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы финалда Қазақстан командасы 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Универсиаданың алғашқы жеңімпаздарын ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан марапаттады.
Басқарма төрағасы – Ректор Қуат Баймырзаев дүбірлі додаға үкілеп қосқан үміткерлерін қабылдап, жарыс жолында сәттілік тілеп шығарып салған болатын. Ректор жеңіспен оралған студенттерге қолдау, ынталандыру мақсатында университет атынан сыйақы берілетіндігін де айтқан.
Универсиадаға түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан) және Венгрияның (байқаушы) 450-ден астам студент-спортшылары қатысты.
Спорттың 7 түрінен өткен жарысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Бұл Қазақстанның төрағалығымен Түркі мемлекеттері Ұйымының Х саммиті өткеннен кейін ұйымдастырылған алғашқы шара.
Ашылу салтанатында түркі мемлекеттері Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйлеп, түркі жастарына табыс тіледі.