«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз ананы да, баланы да ұрмай-соқпай ақылмен басқара білген.
Психологтардың айтуы бойынша 2010 жылдан кейін дүниеге келген балаларды ұруға болмайды екен. Себебі, олар — альфа ұрпақтары. Арасында өзіне дейінгі буыннан бірнеше есе асып туғандар, вундеркинд оқушы, тіпті әлемді сақтап қалатын адам болуы мүмкін. Сондықтан мамандар ата-ана балаға назар аудармаса, түрлі психологиялық проблемаларға тап болуы әбден мүмкін дейді. Бірақ та бүгінгі таңда әлемнің барлық елдерінде байқалатын тұрмыстық құқық бұзушылық, әсіресе бала құқықын бұзу біздің өзекті мәселелеріміздің бірі.
Мамандардың зерттеулеріне сәйкес, мұның негізгі себептерінің бірі ішкілік, жұмыссыздық және соған байланысты өмір сүру жағдайлары. Атап өтсек Қазақстан әлемдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 62 орында тұр екен. Бұл факт тұрмыстық заң бұзушылық бойынша еліміз қызыл деңгейге жетті деген сөз. Осыған сәйкес биыл балалар мен әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң күшіне енген болатын. Себебі тұрмыстық зорлыққа тек әйелдер ғана емес сондай-ақ, балалар да ұшырап жатыр.
«Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді», — деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғамымыздағы зорлық-зомбылық мәселесі бір адамға, бір мемлекеттік органға ғана емес, әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Әсіресе, балаларға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бала құқығы – ең асыл қазына.
Аяулым БЕЙСЕНБЕКОВА,
ЖПҚ-411