Ғарыш – бұл шексіз кеңістік. Толық изерттелмеген құбылыс. Дүние жүзіндегі тұңғыш ғарыштық аппарат – Жердің жасанды серігі 1957 ж. төртінші қазанда, ал ұшқышпен басқарылатын тұңғыш ғарыштық аппарат – «Восток» кемесі 1961 ж. он екінші сәуірде Байқоңыр ғарыш алаңынан ұшырылған.
Қазақ ғарышкері, Қазақстан республикасының азаматы, космосқа ұшқан әлемнің 545-ші ғарышкері, Қазақстан Халық Батыры, Қазақстан ӘӘК (ВВС) полковнигі, қазақтан шыққан ғарышкер – Айдын Айымбетов. 2015 жылы 2-ші қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. Айдын Ақанұлы өзі бала кезден ғарышты армандаған және ата-анасы талпынысын үнемі қолдаған. Мектепті алтын медальмен бітірген Айдын Айымбетов «Армавир әскери авиация училищесіне» оқуға түседі. Ол 1993 жылы өзін ғарышкерлер қатарына енгізу жөнінде өтініш білдірген. Оған дейін Талдықорғандағы әуе базасында командир болып қызмет еткен. 470 сағат әуеде ұшып, парашютпен 360 рет секірген. Өзіне нық сенімді болған қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовтің тек 2002 жылы арманы орындалды: ол ғарышкерлер корпусына қабылданады. «Бұйыртып, 2002 жылдың 9-қарашасында Қазақстан Республикасының ғарышкерлерінің қатарына қосылып, 2003 жылы медициналық тексеруден өтіп, жаттығу жұмыстарына кірістім. Ал, 2009 жылдың 15-желтоқсанында Мемлекеттік Ант қабылдап, «Қазғарыш» басшысының кеңесшісі ретінде қабылдандым. Содан кейінгі жылдары осы агенттікте бөлім басшысы, департамент басшысы сияқты бірқатар лауазымды қызметтерді атқардым. 2014 жылы оған ҚР Әскери-әуе күштерінің полковнигі атағын алдым. Сонымен қатар, біраз жыл күреспен де айналысқан кездерім де болды. Қазір әскери жойғыш ұшақтарды басқаратын маманмын», — дейді ғарышкер. Батырдың тарихи ұшуы 2015 жылдың 2 қыркүйегінде 10 сағат 38 минутта №1 негізгі алаңнан – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18» ғарыш кемесінен өтті. Ғарыштан оралғаннан кейінгі денсаулығы туралы сұраққа жауап берген Айдын Ақанұлы бір қызық деректі келтірді: ХҒС-та 10 күн ішінде ол 5 см-ге өсті, бірақ қонғаннан кейін оның өсуі өзгеріссіз қалды. Алдымен Айымбетов ашық кеңістікке қатысушы ретінде ұшады деп жоспарланған еді, алайда ұшатын уақыт таяғанда оның мәртебесі біліктілігіне сәйкес, «бортинженер-2» деп өзгертілді. 10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтың және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді. Жалпы ғарыштық зерттеу бағдарламасы 10 ғылыми тапсырмадан құрылған, оның ішінде Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу және «Дастархан-6» деп аталған ұлттық тағам өнімдерінің ғарыштағы пайдалы қасиеттерін зерттеу болды. Қазіргі уақытта ҚР ұшқыш-ғарышкері, ҚР Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті.
Назерке КӘКІМОВА,
ЖПҚ-411 топ студенті.