Ер бала тәрбиесі – елдің мәселесі

Кез келген отбасы ұл баланың дүниеге келуін асыға күтеді. Өйткені қызды
қонақ, ұлды ұрпақ жалғастырушы деп санайды. Сондықтан тілі шығып, тәй-
тәй басқан сәтінен бастап, ұл баланы әке өз тәрбиесіне алған. Болашақ
шаңырақ иесіне өз ісімен үлгі болып, баланың сегіз қырлы, бір сырлы болып
ер жетуіне барын салған.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыздың ер бала тәрбиесі туралы
айтқан өнегесін әрбір қазақ білуі тиіс.
Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған, арқасынан
қаққан.
«Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап
жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған
болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз,
есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда
ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға
дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып
ержетсін деп ұлды арқадан қаққан. Қазақта жас балаға адалдықты ту етіп
ұстап, ешкімнің ала жібін аттамауды есін енді біле бастаған кезінен санасына
мықтап сіңіреді. Ер балаға көбіне сырттың шаруасын тапсырған. Барып келу,
тауып келу, мал қайыру, отын-су жеткізу, ат құлағында ойнау, үлкендерге
құрмет сияқты шаруалар ұл балаларды ширатады. Бабаларымыз балаларын
мергендіктің құпиясын үйретуге, бес қарудың қыр-сырын ұғындыруға күш
салатын. Әсіресе «Асық ату», «Теңге алу», «Көкпар», «Бәйге»,
«Аударыспақ» сияқты ұлттық ойындар арқылы ер балаларды шымырлыққа,
ептілікке, шабандоздыққа баулитын. «Көкпарды» тек білек күші мықтылар
ғана ойнай алды. Мұның бәрі ары қарай ұл баланың кейін отбасының
асыраушысы ғана емес, шынығып, шымырланып ел қорғаны, кесек тұлғалы
азамат болып қалыптасуына жол ашатын.
Тәуелсіздігімізді сақтауда, ұлт мерейін ұлықтауда патриот ұрпақ тәрбиелеу –
тек ата-ананың ғана емес, қоғамның, мемлекеттің маңызды шаруасы. Ата-
баба салтымен ер балаларға лайықты тәрбие беру мәселесі қашанда өзекті.
Ынжық, намыссыз ер балалар қоғамға қалқан бола алмайды. Тіпті, кей
жігітсымақтар қыздарға қорған болудың орнына көшеде жалғыз-жарым
жүрген әйел адамдарға күш көрсетіп, ақшасын тартып алып жатады.
Отбасында ұл баланың тәрбиесінде әкенің орны бөлек, өйткені, балабақша
мен мектепте көретіні негізінен әйелдер. Әке ұлын шынықтырып, еркектік
мінез қалыптасуына көмектеседі. Еркектік мінез әке мен баланың жиі
араласуынан, бірлесіп ойнауынан, ортақ шешімдер жасауынан қалыптасады.

Отбасыда көбінесе ер баланың тәртібіне аса назар аударған жөн. Өйткені, ер
баланың тәрбиесі – елдің мәселесі

Нұрила КАРИМАНОВА,
ЖҚ-412

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх