Қаладағы күнделікті қарбалас адамды тез қажытады. Сол себепті күн-
түн демей жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлер сергек
болудың ең оңай әрі қолжетімді әдісі энергетикалық сусын ішу деп біледі. Біз
энергияны жасанды жолмен емес, табиғи жолмен толтырумыз керек. Яғни,
таза ауа, табиғатта серуендеу, дұрыс тамақтану, уақытты тиімді пайдалану,
ұйқы режимін сақтау мұның бәрі бойымызға күш-қуат береді. Алайда
көптеген адамдар жасанды энергетикалық сусындарды қуат көзі деп
есептейді.
Тұтынушылар саны жыл сайын артып келе жатқан Dizzy, RedBull,
Gorilla сияқты 30-дан астам түрі кездесетін танымал сусындар жастардың
мінезіне агрессивті әсер етуі мүмкін. Жас шектеуі болғанымен,
жасөспірімдер арасында жиі ішетіндер бар. Оларға энергетикалық
сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу қажеттілігі қоғамда кеңінен
талқыланып жатыр. Дегенмен, әлі күнге дейін нақты шешім қабылданған
жоқ. Ал Австралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы өз нарықтарында оларды
сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған. Өйткені энергетикалық сусындардың
құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Оларды
жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық
жауынгерлердің моральдік және әскери рухын ынтыландыру үшін АҚШ-тың
Қорғаныс Министрлігі әзірлеген. Алайда осындай сусындарды тұрақты
пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі,
бауыр ауруы сынды дертке шалдыққандар көбейіп кеткен. Мұның
салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға
мәжбүр болған. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ
алудың орнына, елімізде кейінгі кезде энергетикалық сусындарды құмарта
ішетіндердің қарасы көбейе бастаған. Денсаулық сақтау министрлігі, аталған
сусынды шамадан тыс тұтыну жүрек соғу жиілігінің, қан қысымының
жоғарылауы, ұйқының бұзылуы, гипергликемия және басқа денсаулыққа
қатысты проблемаларды тудыратынын атап, жүйке жүйесінің жұмысына да
теріс әсер етуі мүмкін екендігін айтты.
Өз замандастарымның арасында энергетикалық сусындарға
байланысты кішігірім сауалнама жүргіздім. Олардың шамамен 95 пайызы
энергетикалық сусындарды татып көрген. Энергетикалық сусындарды күніне
қыздарға қарағанда ер балалар көп тұтынады екен. Жетісу университетінің
студенті, Бекқали Серік . Шаршамай, сергек жүру үшін күніне 2 рет міндетті
түрде энергетикалық сусын ішеді. Себебі, ол түнде жұмыс жасайды. Ал
құрбым Айымның ойынша энергетикалық сусын кофеге қарағанда көбірек
әсер береді. 3-курс студенті Санжар «Dizzy» сусынын шамадан тыс ішіп,
ауруханаға түсіп, кейін энергетикалық сусындарға жоламай кеткенін және
болашақта мүлде ішпейтінін айтты.
Назерке КӘКІМОВА,
ЖПҚ-411.