Демалыс күндері құлқын сəріден тыпыршып тұрып алатын мен көрші атайдың Ақбақай атының артына мінгесіп өріске бірге аттанатын едім. Терезеден аңдып отырамын да «Ата, мен де!» деймін далаға жүгіріп шығып, анадайдан айқайлап
– Ал, қарасирақ, мінгес! – дейтін атам мейірбан жүз, майда үнмен.
Содан кейін, таза ауадағы ат үстіндегі рахат өмір басталады-ай дейсін.
– Жасыл жайлау – түкті кілем, көк кілем – деп əнге басып, өріске кете барамыз.
Расында көктем айларында көбесі сөгілген қар суы кең жайылып, ойпан жерлерде шабындық шөп қаулап өскен кезде дала төсіне бейне бір кілем жайып тастағандай еді. Сəске түс кезінде малдың басын бір қайырып қойып атамның қоржынынан шыққан небір тəттілерді, сүрленген ет пен тоң майға піскен бауырсағын, Алқа əжейдің сықпа құртын, дəмі тіл үйіретін ірімшігін күйсеймін-ай келіп. Атамның торсығында кейде айран, кейде шалап, кейде тіпті бал қымыз болушы еді. Шіркін, сол сары қымыздың дəмін айтсаңшы таңдайымнан бір кетер емес.
«Қымыз денге – саулық, тəнге қуат!» – дейді Сейдеш ата. Киімі жұпыны, малы азын-аулақ болғанымен Сейдеш ата мен Алқа əжейдің үйінен жылдың төрт мезгілі ақ үзілмейтін-ді. Дастарқанының берекелі екенін қоржынындағы жылы-жұмсағынан-ақ бала болсам да ішім сезеді. Тыңқиып тойып алып қос қолымды басыма қойып, шалқая жатамын. Содан соң салқар даланың саф ауасын терең сіміре жұтып, кеудемді кере дем аламын. Мен үшін бұдан асқан қандай лагерь, нендей демалыс орны бар. Ал атам ағып тұрған шежіре ғой шіркін! Жазылмаған кітап деп осыны айт. Бұл өңірдің тарихын білгің келсе, шежіре кеуде Сейдештен сұра дейтін еді ауыл адамдары.
Өз басым мен білмеймін деген сөзін естімедім. Əңгіменің тиегін ағытқан кезде бейне бір сол оқиғаның ішінде өзің де жүргендей күй кешесің.
Сондай бір күндердің бірінде Сейдеш ата екеуміз тау өзенін сағалай төскейді бетке алып, мал жайып келе жатқан едік. Қыстан шыққан арық малдар балауса шөптерді бырт-бырт шайнап келеді. Ауылдан біраз ұзадық. Дөңкейген апайтөс жоталардың біразы артта қалды.
Шайдай ашық аспандағы күн нұрының шаншыла шашыраған сəулесі бұл өңірге жаз мезгілінің ерте келетіндігін айғақтап тұрғандай. Жетісудың қарлы сілемдері күнге төсін төсеп жүлге-жүлгемен жарқырай шағылысады. Кенет алыстан ат жеккен арбаның қарасы көрінді. Бізге жақындағанда байқадық олар екі адам екен. Арбадан түскен екеудің бірі денесі қушықтай жас жігіт екен де, екіншісі қаптағай денелі, қара мұртты орта жастағы жігіт ағасы.
– Ассалаумағалейкум, жол болсын жігіттер! Шырамыта алмай тұрғаным, қай ауылдың баласы боласыңдар?! – деді Сейдеш ата бөтен адамдарға жасы кіші демей бірінші болып ізет көрсетті.
- Уағалейкумассалам, әлей болсын, жол көрсетпек сізден болсын, ағасы. Бөрілітөбе ауылынан боламыз – деді зор дауысты, қара мұртты кісі.
Қол алысып бұйымтай сұрасқан соң белгілі болды. Жолаушылар науқасқа шипа іздеп, тәуіп кезіп жолға шыққан екен.
Қазір не көп, өзін əулие санайтын адам көп. Бұл өңірде мен білетін қобызшы бар еді бірақ ол менің бала күнімде дүниеден озған – деді.
Менің екі көзім арбадағы шашы алба-жұлба, өзімен өзі күбір-күбір сөйлеп біресе селк-селк етіп, ыржалақтап күліп, айналасындағылармен ісі болмай өзімен-өзі отырған мосқал əйелге түсті. Əйелдің сөзі түсініксіз, кімді не үшін балағаттап жатыр беймәлім. Балалық əуестігім басым болса керек, «бұл əйел кім болды екен? мына қара мұрттының жары шығар». Сейдеш ата неге сұрамайды екен деп күтіп тұрмын. Бірақ сұңғыла қарт жақ ашпады. Жолаушылар есен-сау айтысып жүріп кеткен соң Сейдеш атадан əйел жайында сұрағым кеп оқталдым. Атам «жын иектеп алған бейбақ қой» – деп қысқа ғана қайырды да қойды. Қойған сауалыма тұшымды жауап ала алмаған мен сұрақты басқа қырынан қою амалын іздеп əңгіме ауанын қобызға бұрдым.
- Сонда қобыз адамды қалай емдейді, ол бар болғаны музыкалық аспап емес пе? – дедім мен таңданысымды жасырмай.
Бұл сауалыма атам аянып қалмады. Шежіре айтудың шебері еді, қобыз туралы мына әңгімені баян етті.
Жасым он бірден он екіге қараған жылы көк желкем тартып, басым айналып, мең-зең күй кешіп қатты науқастанып қалдым – деп сабақтай түсті атам әңгімесін. Жасамаған ем-домы қалмаған əжем ақыры бетім бері қарамағасын көпшіліктің сұғы өтті деп жорып Арық деген əулиенің ауылына алып келді. Əжемнің олай жоруына себеп те жоқ емес. Өткенде жайлауда алғаш қымыз ішіскен қымызмұрындық тойына əжем мені ерте барған. Ит басына іркіт құйылған молшылық тойдағы ойын-сауық жарысқа қатыстым. Қол күресте өзім сияқты балалардан күшім басым түсіп бəйгеге тіккен семіз тоқтыны қанжығама байлаған болатынмын. Тойға жиналған жұрт «бұл өзі бір болайын деп тұрған бала екен» деп таңқалысқан. Содан əжем маған көпшіліктің көзі тиді деп жорып, мені қобызбен емдейтін емшінің үйіне алып келді.
Қобызшы ат жақты, кең маңдайлы, түксиген қою қара қасты, өткір көзді, қыр мұрынды бір сөзбен айтқанда сұсты әрі өңді кісі еді. Кеудесін кере жапқан ақ қыраудай сақалын айтпасан сырт келбеті бақсы-емшіге ұқсамайтын-ды. Еңсесін тік ұстап, ширақ қозғалатын ол шапанын желбегей жамылып орнынан тұрып, төрде ілулі тұрған қылқобызын алды да, жерде төселген құрақ көрпені көрсетіп, маған отыр дегендей ишара жасады. Қамшысымен сабап, бақырып-шақыратын бақсы-балгер десе зəре-құтым қалмайтын мен байсалды, мінезі бір тоға мына қарияны көріп секемім сейілгендей болды.
Киіз үй іші ала көлеңке еді. Емші қара қобызын білем-білем тарамыс қолына алып сүйрік саусақтарымен қобыз қияқты жəйлап баппен ұстады да, жылқының қырық тал қылынан есілген қос ішекке төндіріп кеп қиқулата жөнелді. Баяу басталған бір қалыпты сарын келе-келе өрши түсіп безек қағып ала жөнелді. Қобыз үніне қосылып маған түсініксіз тілдегі құран сүрелерін əуендетіп айтып жатты. Еңкіш келген қобыз-қияққа жармасқан жүйрік қолы қыл ішекті осып-осып жібергенде мұңлы дауыс зарыға дірілдей түсті. Енді бірде жүйіткіген құйындай апай-топай əуен ұлыған көк бөрінің дауысындай болып кетті. Шиыршық атқан мұңлы зар сай-сүйегінді сықырлатып, тұла бойынды тулатып, жұдырықтай ет жүрегіңді дір еткізбей қоймайды. Бірде, толқын атқан асау теңіздей жүйіткіп шыққан дабыра əуез саябырлап тынық теңіз суындай бəсеңси қалады. Не керек желдің уіліне, құстың құрылына, бозінгеннің боздауына ұқсатып құлағымның құрышын қандырып рахат бір сезім кешіп отырған мен ұйықтап кеткен екенмін. Қанша ұйықтағаным белгісіз, уыз ұйқының құшағында жатқан мені төсегімнің аяқ жағында отырған əжемнің – Сейдешжан, тұра ғой, бейуақта ұйықтауға болама екен – деген кейісті сөзі оятты. Ұйқылы ояу əжемнің зерлі камзолына басымды қойып біраз маужырап жатқан мен құлан-таза айыққанымды ұқтым.
Өкініштісі бұл менің Арық қобызшыны ең алғаш əрі ең соңғы көруім екен. Сол жылдың күз айында əжеме ілесіп қобызшының үйіне тағы бардым. Ол жолы ем алуға емес, марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға еді. Марқұмның мүрдесін жер қойнауына тапсырған соң əжемді осы əулеттің жасы үлкен рулас келіні есебінде шырақ жағып, орын күзету рəсіміне қалдырған. Ымырт үйірілген уақта осы ауылдың үлкен-кішісі, жасы мен жасамысы жиылып, дастарқан басында кеу-кеулесіп əңгімелесіп отырды. Жанған шырақтың түтініне əжем менің бетімді сипап жатып есінеп отырған жайымды байқап, балам шаршады, жатып демін алсын – деп жастау келіншектен маған төсек салып беруін өтінді.
Бейтаныс келіншек мені үйге алып кірді де түпкі бөлмедегі темір кереуетке жатқызып өзі шығып кетті. Өткен жазда әжем екеуміз келген қобызшының қоржын тамы. Бөлме ішінде ешкім жоқ. Тас қараңғы екен. Бойымды қорқыныш биледі. Шығып кетуге үрейлендім. Не де болса қозғалмай жата беруім керек. Адам баласы үш күннен кейін көрге де үйренеді демей ме, жата-жата етім үйреніп, бөлме іші алакөлеңкеленіп, желке тұсымда ілулі тұрған тұс киіздің өрнектері көзге айқын көріне бастады. Барқыт матаның үстіне сипағанда реңі қоюланып шыға келетін күлгін түсті пүліштен қошқармүйіз өрнектеліпті, шеті сары түсті таспамен жиектелген. Керемет үйлесім. Нағыз ісмер жанның қолынан шыққан дүние екені көрініп-ақ тұр.
Кенет көзім жоғары жақты ілулі тұрған қылқобызға түсті. Жазбай таныдым. Дəл өзі. Түнеу күні мені емдеген қара қобыз. Мен иесіз қалған қобызға міскінді көргендей аяушылықпен қарадым.
«Дүние жинап не етерсің, бір күні тастап кетерсің!» – деген жолдар орала берді. Дүние деймін-ау, адам деген бір бейбақ тіршілік иесі бар. Сол тіршілік иесінің басқалардан айырмасы бұл жалғаннан дүние қалауының көптігі соншалық бәріне иелік еткісі келеді шолақ ғұмырына жетіп артылатын мүлік жинаса да, көзі тірісінде өзінің жанынан артық көретін бір түйір затын да алып кете алмайды екен. Мəселен, мына Арық қобызшы осы қара қобызын өзінің балаларынан артық көрген болар деп өзімше ой түйдім.
Осылай пәлсапалық ой үстінде жатқан мен талықсып ұйықтап кетіппін. Түсімде Арық қобызшы байыпты жүзбен, жылы жымиып қойып қобыздың құлағында ойнап отыр. Мұң мен сағынышқа толы тылсым әуез сай-сүйегіңді жібітіп, іші-бауырыңды елжірітпей қоймайды. Құлағымнан кірсе де тұла бойымды баурап алған қоңыр дауыс, зарлы әуез бояу басталып желдей жүйтки жөнелді. Көңілім жай тауып, дәл рақат сезімді бастан кешіп жатқан мезетте селк етіп оянып кеткен мен түсім емес өнім екенін ұқтым.
Даңғұр-дұңғыр қобыздың зарлы үні өзімнің желке тұсымнан шығып жатыр ма қалай?!
Сейдеш ата қос қолын кеудесіне басып О, құдырет! – деп бір күрсінді де, әңгімесін әрі жалғады.
Өне-бойым қалшылдап дір-дір етіп кетті. Қос көзімді тарс жұмып, демімді ішіме жұтып, тіп-тіке қозғалыссыз жатырмын. Қобыздың зарлы үні толастар емес. Жаным мұрнымның ұшына тығылды. Айқайлап көмекке біреуді шақыру былай тұрсын, дем алуға мұрша жоқ. Үнімді шығара алмасам да, я пірім, о құдайым өзің жар бола гөр» — деп іштей жаратқанды еске алып жатырмын. «Біссміллə, біссміллə» — деп тілімді кəлимаға келтіргендей болам да, ары қарай құран аяттарын жатқа білмей дымым құриды.
Не керек, менің жанымды Алқа құтқарды – деп кішкентайынан құлын тайдай бірге өскен бала махаббаты, өмірлік жары Алқа әжені әр әңгімесіне қосушы еді атам.
Қобыздың құлағында мен ойнап отыр деп ойласа керек. Алқа әжең қобыздың зарлы үні шыққан тамға жүгірген екен. Қолына жарық ала кірген ол аң-таң болып кереуетте жатқан маған бір, төрде ілулі тұрған қобызға бір қарайды.
Қас қылғандай бұл кезде қара қобыз да сілтідей тынып, қаққан қазықтай қақшиып қатып қалыпты. Сірə, менің есім ауысты əлде шаршағандықтан бəлкім қорыққанға қос көрінеді деп жори салар ма едім егер бұл қобыз дауысын Алқа əжең де естімеген болса.
— Сен бе, қобызда ойнаған деді ол аузын шошайтып, нəркес жанарын төңкере қарап. Өлімнен ұят күшті деген бар. Қыз алдында қорыққанымды білдіріп жігіттік беделімді түсіріп алмайын дегендей «иә, мен» — дегенім есімде. Мақтау мен қошамет күтіп жатқан маған бұла өскен ерке қыз – пыф, деп астыңғы ернін сылп еткізіп шығарды да тез бұрылып шығып кетті. Қыз соңынан зып беріп сытыла шығуды ойлап жатқан мен қобызшының əруағы кеп көк желкемнен шап беріп ұстап алатындай орнымнан апыл-ғұпыл атып тұрдым да есікке қарай зыта жөнелдім.
Төсектен орғып тұрып, аяғыма оратылып қалған қызыл көрпені бар өшімді содан алғандай артқа қарай теуіп кеп жібердім де, сыртқа қарай атылып шықтым. Киіз үйге кеп əжемнің жанына жайғастым да таң бозарғанша бір елі ажырамастан тымпиып отырып алдым. Үйге барғасын сол түнгі оқиғаны əжеме айтып бердім. Әжем мені шошынды деп ойласа керек жуындырып-шайындырып, үсті-басымды аластап, жастығымның астына бəкі төсеп ұйықтатты. Сол күннен бастап мені өлік-жаназаға алып жүрмейтін болды. Кейін де Арық әулиенің түннің бір уағында ойнайтын иесіз қылқобызы жайында дүйім жұрт, мұқым ауыл айтып жүрді.
- Е, шырағым қобыздың иесі де киесі де бар екені рас – деп әңгімесін аяқтады Сейдаш ата.
Бұл менің қобыздың қасиеті жайлы естіген алғашқы әңгімем еді.
Әйгерім ИЕБЕКОВА.