Адам болмысының рухани сипаты бойындағы білімімен, үлгі-өнегесімен бағаланса керек. Адамгершілік, парасат-пайым, мəдениеттілік сияқты ізгі қасиеттердің барлығы білім алып, оны өмір мәніне айналдыру нәтижесінде іске асатыны хақ. «Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» – дейді ғылым мен білімді барлық жайдан жоғары қойған хәкім Абай.
Ғылымды табу, өнерді үйрену, білімді болу, ғылымнан асқан ғазиз дүние жоқ екенін Абайдан артық ешкім айтқан емес. Десе де ілімнің шырағын жағып, саналы ғұмырын мехнаты көп ғылыммен ұштастыру екінің бірінің қолынан келмейтін іс, әсіресе нәзік болмысты әйел адам үшін оңай шаруа емес. Ал І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, …. Бахтаулова Алефтина Сембайқызы ғылымның сан соқпақты сүрлеуімен жүріп отырып, алпыстың асқар шыңына шықты.
Алефтина Сембайқызы 1964 жылы 11 маусымда Алтай өлкесі Петропавл ауданы Антоньевка ауылында қарапайым еңбегімен елге танылған өнегелі отбасында дүниеге келген. Хәкім Абай айтқандай жақсы ата, жақсы анадан тәлім мен тәрбие алған ол 1981 жылы Антоньев орта мектебін бітіріп, Павловск ауылшаруашылық техникумында білім алады. Кейін Алтай ауылшаруашылық институтында «Агрономия» мамандығы бойынша (1981-1989) білімін жалғастырып, оқу орнын үздік аяқтайды. Ол білім алған кезеңде озат студент қатарынан танылып, Кеңес Одағындағы ең беделді, ең жоғары стипендия – Ленин стипендиясының лауреаты атанды. Студент шағынан-ақ ғылымға ден қойып, Бүкілодақтық ғылыми конференциялар мен олимпиадалардың жеңімпазы болды.
Алефтина Сембайқызы институтты аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Алтай ауыл шаруашылығы институтында Ботаника және өсімдіктер физиологиясы кафедрасының оқытушы-ассистенті ретінде бастады. Ғылыми құштарлығы мен қабілетін әлемге әйгілі, ең көне жоғары оқу орны Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының аспирантурасында оқи жүріп шыңдады. Ол Тамыры ащы, жемісі тәтті ғылым жолын дәл осылай таңдаған болатын. 1995 жылы ботаника бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін, 2002 жылы Биология кафедрасының доценті ғылыми атағын алды.
Алефтина Сембайқызын болмысы бекзат, танымы терең ғалым десек
асылық айтпаған болар едік. Тұрақтылық, төзімділік, қайсарлық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі болса, ол Алефтина Сембайқызына тән. Ол І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 1995 жылдан бастап 30 жылға жуық табан аудармай жемісті еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында жаратылыстану кафедрасының доценті, биология кафедрасының меңгерушісі, ғылым және стратегиялық даму орталығының директоры қызметтерін атқарды. Ол университетте көптеген игі бастамалардың іске асуына мұрындық болды. Стратегиялық даму орталығын басқарған кезеңде университет алғаш рет ACQUIN халықаралық және ұлттық аккредиттеуден сәтті өтті, сапа менеджменті жүйесі енгізілді.
Қазіргі уақытта Алефтина Сембайқызы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметін абыройлы атқарып келеді.
Алефтина Сембайқызы университеттің әлемдік қауымдастықтағы көкжиегін кеңейтуге халықаралық ынтымақтастығын дамытуға орасан зор үлес қосты. Оның бастамасымен университетте Свече қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университетінің өкілдігі, Швейцарияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Цюрих университетінің Халықаралық Еуропалық зерттеулер орталығы ашылды. ТОП-700 QS World University рейтінгісіне кіретін Алтай мемлекеттік университетімен және Италиядағы озық Марке университетімен қосдипломды білім беру бағдарламалары іске асырыла бастады. Бұл студенттер мен оқытушыларға үлкен академиялық мүмкіндіктер ашты.
Университетте өткізілген көптеген халықаралық деңгейдегі шаралардың ұйытқысы болды. Атап айтқанда, оның жетекшілігімен университте аккредиттеу бойынша халықаралық семинар өткізілді, Швейцария мен Словакия мемлекеттерінен келген шетелдік студенттер үшін жазғы мектептер ұйымдастырылды. Университет базасында алғаш рет Ұлыбританияның Джон Иннес орталығымен бірлесіп бидай генетикасы және геномикасы бойынша І Орталық Азия семинары өткізілді. Семинар жұмысына Түркия, Пәкістан, Иран, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің жетекші ғалымдары қатысты.
Қазіргі таңда ғылымды дамытудың басым бағыттарының бірі – ғылыми жобаларды іске асыру, жобаларды басқару болса, Алефтина Сембайқызы ол істі де жоғары деңгейде үйлестіруде. Университетімізде ҚР Ғылым және білім министрлігінің гранттық қаржыландыру сомасы 500 млн теңгеге жетті. Университет тарихында алғаш рет Еуропалық Комиссия қаржыландыратын 2 халықаралық жоба орындалуда. Ғылыми жобаларды білікті басқарушы ретінде университетіміздегі алғашқы коммерцияландыру жобасын басқарып, іске асыруда. Биотехнология және экология институтының, IT орталығының инфрақұрылымы күшейтілді, ТМД-да баламасы жоқ Интенсивті селекция платформасы ашылды, сирек кездесетін жабайы жеміс түрлерінің тәлімбағы (питомник) құрылды, 2 постдокторантура жобасы іске асырылуда. Алефтина Сембайқызының бастамасымен университетте жас ғалымдар мен білім алушыларға арналған ғылыми жобалар байқауы бастау алды, нәтижесінде 30-дан астам ғылыми идеялар мен жобалар жүзеге асырылды.
Алефтина Сембайқызы – ұлағатты ұстаз. Білім, ғылым және мемлекеттік қызмет саласында қызмет етіп жүрген талантты кадрларды дайындады, олар Қазақстанның әр түкпірінде жемісті еңбек етуде.
Алефтина Сембайқызының ғылыми жетекшілігімен ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру жобалары, сондай-ақ ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің қолдауымен Ұлттық парктерімен бірлескен ғылыми жобалар орындалды. 2023 жылдан 2025 жылға дейін «Жетісу Алатауының сирек кездесетін жабайы жеміс түрлерінің көшеттерін вегетативті көбею жолымен өндіру» коммерцияландыру жобасы орындалып жатыр.
Ол 100-ден астам ғылыми мақаланың, оның ішінде Scopus және Web of Science ғылыми-метрикалық базаларындағы ғылыми жарияланымдардың, оқу-әдістемелік құралдардың, патенттердің авторы.
Тынымсыз еңбек еткен адамның адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы асқақ. Еңбегің шын еленсе еңсең де биік жүреді.
Алефтина Сембайқызы жоғары оқу орны оқытушылар арасында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2018» атағының иегері. «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің білім беру сапасын бағалау бойынша сарапшысы, білім және ғылым саласындағы республикалық комиссиялардың төрағасы және мүшесі, сапа менеджменті жүйесінің ішкі аудиторы, халықаралық ACQUIN аккредиттеу бойынша сарапшысы.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Адам жанының жапырағы, саясы ол — ұрпақ. Кім болмасын еккен ағашының мәуелі болғанын қалайды. Алефтина Сембайқызы да ұрпақ жалғар ұлдарын мақтанышпен айтады. Ол бақытты жар және екі ұлдың анасы. Жұбайы Орлан Сәбитұлы да білім беру саласында жұмыс істейді.
Үлкен ұлы – Сұлтан, философия докторы (PhD), «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Анасының ғылымдағы ізін жалғап, 2022 жылы Лотарингия университетінде докторлық диссертация қорғаған. Қазір Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Агро-өнеркәсіп кешенін цифрландыру саласындағы технологиялық құзыреттілік орталығы» директорының орынбасары қызметін атқарады. Кіші ұлы – Алан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Экология министрлігінде IT инженер қызметін атқарады.
Білімді адам – жарық шам секілді – деп тегін айтпасақ керек.
Алефтина Сембайқызы Бахтаулованың ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Оның ғылыми жетістіктері Қазақстанда және шет елде агрономия мен биологияның одан әрі дамуына ықпал етті. Ғылымдағы ғұмыры, өз ісіне адалдығы жас ғалымдарға үлгі.