Бізге экологиялық мәдениет керек

Экология мәселесі бүгінгі күні аса өзекті болып отыр. Табиғат адамзатты өмір сүру және әл-ауқат үшін ресурстармен қамтамасыз етеді, бірақ сонымен бірге адамдардың әсерінен экологиялық проблемалар туындайды. Экожүйенің тепе-теңдігі мен тұрақтылығын сақтау үшін адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас маңызды.
Адам әрекеті табиғатқа теріс әсер етіп, ластануға және климаттың өзгеруіне әкелуі мүмкін. Бізге экологиялық мәдениет жетіспейді.
Мәселен, Түркістан облысында 22 жасар студент қыз қызыл кітапқа енген қызғалдақ гүлдерін бір құшақ қылып жұлып, онымен видеоға түспек болған. Есесіне 11 теңге айыппұл арқалаған қыз әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік жұрт «Онда тұрған не бар? Гүл бәрібір қурап, солып қалады» десті. Меніңше, бұл табиғатқа немқұрайлы қарау емес пе? Сонда, ақыры қурап қалады екен деп айналамыздағы жасыл желкеті отап жұла беруіміз керек пе? Қазақта қызды гүлге бекер теңемеген. Кең далада жайнап өскен нәзік гүл секілді қазақ қызына оғаш қылық жат. Гүлді жұлмау, бос бөтелке құтысын көрінген жерге лақытырып кете бермеу, табиғат аясындағы демалған жерімізді тазалап кету, құстарға, иесіз жан-жануарларға қамқорлық көрсету сияқты қарапайым мәдениет түрін меңгергеніміз абзал.
Иә, тағы бір экологиялық мәселе ол — айналамыздағы қоқыс. Қаланың қақа ортасында, қоғамдық орындарда неше түрлі бөтелке, шылым қалдықтары, қоқыр-соқыр жатады. Табиғаттағы қоқыс тек жағымсыз көрініс қана емес, сонымен қатар жануарлар мен өсімдіктер әлеміне, адам денсаулығы мен экономикасына кері әсерін тигізетін күрделі экологиялық мәселе. Бұл 50-60 мыңға күні қараған көше сыпырушыларынан басқа ешкімге керек емес тәрізді. Жауапкершілікті бір-бірімізге сілтемей, қоршаған ортаны қорғаумен барлығымыз айналысуымыз қажет. Бұрын мектеп оқушылары сенбілікке шағатын. Қазір ол жоқ. Бір жапырақ қоқысты көтеріп, мектеп ауласын тазалаған оқушының бойында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ұғымы қалыптасады.
Әрқайсымыз қоқысты дұрыс жоюдан бастап, қоршаған ортаны қорғауды насихаттаудан бастап, табиғатты сақтауға үлес қоса аламыз.


Табиғат,
Әшкерелеп сөкпе бізді.
Тазала, саумал ауа,
Самалыңмен
Заводтың мұржасындай өкпемізді.
Санадан гөрі кейде сезім жетік,
Сезімсіз болар менің сөзім жетім…
Табиғат,
Емде мені,
Оралайын
Өзіңсіз күн жоғына көзім жетіп!, –
деп Қадыр Мырза Әли ақын жырлағандай, табиғаттан асып, одан ада тұтып ешқайда кете алмаймыз. Біз табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда ғана ол бізге мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың атсалысуымызды талап ететін міндет. Бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана біз болашақ ұрпақ үшін жеріміздің байлығы мен сұлулығын сақтай аламыз.

ЖПҚ-411 топ студенті
Аян Айдарқызы

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх