Қазақтың Дмитриі

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі болуы керек. Олар қасиетті қазақ жерінде өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ерекше құрметтеп, бағалайды.

«Адам досымен, ағаш тамырымен мықты» деген мақалды кішкентай күнімізден құлағымызға құйып өстік. Сондықтан менің достарым көп. Сол үшін өзімді бақытты санаймын. Менің Дмитрий атты, ұлты орыс досым бар. Оны біз Дима деп айтамыз. Ақкөңіл, бауырмал әрі білімді. Дима отбасымен Ресейден 2013 жылы көшіп келді. Бір қызығы, оның отбасы нағыз қазақи ауылға қоныстанды. Қарабұлақ ауылына, ата-апамның үйіне барған сайын ресейлік баланың қазақша сөйлеуге барынша тырысып жүргенін байқадым. Алғашында таңғалғаным да бар. Ең бірінші танысқанымызда ол қазақша бірде-бір сөз білмейтін. Қалада өскендіктен, орысша сөйлеу, білу біз үшін қиын болған жоқ. Біз бірге ойнайтын болғандықтан, бірде ол маған: «Қазақша сөйлегім келеді» деді. Мен бірден келісіп, оған қазақ тілін үйрете бастадым. Оның ең бірінші айтқан қазақша сөзі «дос болайық» болды. Кейіннен 1-ден 100-ге дейін еркін санай бастады. Содан кейін мен оған мақалдарды жаттатқыздым. Алғашында айтқан сөздеріне күлетінмін. Мұғалім секілді оған көп тапсырма беріп, ертесіне қайталап сұрайтынмын. Оған тіл үйреткеніме қуандым. Араға бір жыл салғанда ол қазақ тілінде еркін сөйлейтін болды. Тіпті ­«қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» (жастар арасында қолданылатын сленг. ред.) деген сөзді де еш қиналмай айтатын болды. Ол маған орыс тілін, мен оған қазақ тілін үйреттім. Адамда ниет болса болды екен. Ол мен берген тапсырманың барлығын жаттап алатын. Ұзақ уақытқа дейін ұмытпайтын. Үнемі білсем, үйренсем деп талпынатын. Бір-бірімізге алғысымыз шексіз. Дмитрий 4 сыныпқа көшкенде қазақ сыныбына ауысты. Мектепті қазақша бітірді. Мектептегі үлгілі оқушының бірі болғанын естігенде қатты қуандым. Шыны керек, біздің кейбір қазақтардан да жақсы сөйлейтінін бүкіл ауыл білетін. Қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілі қазақ тілін білуді мақсат етсе деймін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» –  деп  Қадыр Мырзы Әлі текке айтпаса керек. Бұдан біздің мәдениетіміз де, тіл байлығымыз да дами береді. Достық пен ынтымақты ту етіп, бірлік пен татулықты жыр еткен барша Қазақстан халқының мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін дегім келеді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт заманда мәнді де мағыналы өмір сүрсек деймін.

Қазақ тілін құрметтейтін Димадай азаматтар көп болсын.

 

Назерке КӘКІМОВА,

ЖПҚ-411.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх