БОЙЫНА ӘН-ҚАЗЫНА ЖИНАҒАН ЖАН

О, өмір, Жан – өмір, нұр – өмір!

Ән – өмір, күй – өмір, жыр – өмір!

О, сорлы табиғат, шіркін-ай,

Адамға қисаңшы мың өмір. Осы бір Мұқағали қаламынан туған жолдарға лайық, өмірі ән өнерімен өрілген адамдар айналамызда баршылық. Сондай тұлғалардың бірі ғұмырын саз өнерімен байланыстырып, университет қабырғасында 40 жылдай ұстаздық қызмет етіп келе жатқан ардагер әріптесім Таубалдиева Жұматай Шомкенқызы.

1949 жылы, 6-мамырда жұмада дүниеге келген  қызына соғыстан аман келген әкесі Жұматай есімін берген екен.

1987 жылы институттың мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу методикасы кафедрасында  ізденуші болып жүрген кезім. «Бастауыш мектеп» журналына «І.Жансүгіров шығармалармен таныстыру» аталымымен тұңғыш мақалам жарық көрді. Сол журналдың бетінде басылған әдіскер мұғалімнің мақаласы көзіме оттай басылды. Мақалада ән-күй сабағын өткізудің әдіс-тәсілдері сипатталып, бастауыш мектепке арналған сабақ үлгісі беріліпті.

Халқымыздың сонау дәуірден келе жатқан  аспапты музыка жанрымен, қастерлі мұрасымен ол 1971 жылы Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищесінде оқыған жылдары  танысқан екен. Бұл оқу орнын қобыз мамандығы бойынша бітіріп, бірнеше жыл балалар музыкалық мектебінің оқытушысы, халық аспаптар көркемдік жетекшісі деген квалификацияны меңгерген.  1987 жылы Талдықорған педагогикалық институтының бастауыш сыныпта оқыту кафедрасының аға оқытушысы қызметіне  қабылданады. Ән-күйден шебер де  білікті маманның әдетте оқыту әдістемесінен өз тәжірибесі қалыптасатынын Жұмекеңнен кейінірек тәлім алған талай студенттер, магистранттар бұл ойымды теріске шығармас.

Өзімен емес, мақаласын оқу арқылы танып-білген ғылым жолындағы қатарласымыз табиғи өнерін студент кезеңінен бастаған. Оны әрдайым жоғары оқу орнының акт залындағы хорда, вокал тобында түрлі мерекелік шараларда баянын жігерлене тартып-тартып алып, шырқай  жөнелеген сәттерін талай тамшалағанбыз.

Бүгіндері  ардагерлер алқасының мүшесі,  педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор университетте «Шығармашылық» білім беру бағдарламасы бойынша дәрістерін құлшына оқып жүрген тәжірибелі ғалым ұстаз Жұматай Шомкенқызы 75 жасқа толғалы отыр.

Ғылым жолы –  адал да әділетті жол. Оның биігіне ізденуден талмайтын қайсар жандар ғана қонақтай алатынын қатарласымыздың өмір жолынан байқадық.

1997-2003жж. Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика кафедрасының ізденушісі «Музыка арқылы бастауыш сынып оқушыларының гумандық қасиеттерін қалыптастыру» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертацисын қорғаған.

Ж. Ш. Таубалдиева жалпы саны 270-тен аса ғылыи жарияланымдардың авторы. Оның ішінде 28 оқулық ( 23-оқулық авторлык, 5-оқулық авторлық бірлестікпен), 1-монография,1-Томсон Реутерс, 2-ресей ғалымдарының еңбегінің аударма мақалалары, 4-авторлық патентті электрондық оқулық, 3-СКОПУС-мақаласы болуы үлкен де әділетті ғылыми жолды кешуінен.  Ғалымның жетекшілігімен 19 магистрлік диссертация қорғалған.

«Мен соғыс ардагерінің қызымын. Тура сөйлеймін, профессорлық атағыма кір келтіре алмаймын» дейтін ұстанымы бар  Жұмекең – баладай ақ көңіл, ашық жан.

2014 жылдан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін  университеттің «ҚҰРМЕТТІ  ПРОФЕССОРЫ» атағына ие болған доцент лауазымындағы ғалымның жүзінен әрдайым жылылық лебі есіп тұрады.

Оның бір жақсы қасиеті – алдына келгенді үлкен демей, жас демей теңдей сөйлесіп, ақыл-кеңес беріп жүретіндігі.

Мақаламның басында жазылғандай, өмірі ән, күй, жырға сайлануымен қатар, жүрегі мейірімділікпен нұрланған Жұматай Шомкеновна жан жолдасынан,  ұлынан жастай айрылса да, қиындыққа мойымайтын, мәңгілік өмірін тек  жақсылықпен жалғастырып келе жатқан жан. Өйткені ол тал бойына жыр қазынасын жастайынан жинап келді.

Жасы мен орташа бітім тұлғасына қарамастан, салмағын елеместен,  баянын иыққа аса салғанда, ардагер ұстаздың арқасы ұстай жөнеледі де, жанындағы  тыңдармандарын да ән  әлеміне жетелеп, желпіндіріп жібереді.

«Мың өмірді табиғат адамың кез келгеніне сыйлай» салмайтынын осыдан байқайсың. Біліммен бірге жастарды өнерге талпындырып жүретін университетіміздің қауымдастырылған профессоры Ж.Ш.Таубалдиева арамызды нұрландырып, әрдайым  жанымызда осы қалпында жүре берсе дейміз. Өнерімен ұжымның  құрметіне бөленген жанның ақ пейілі туған еліне, әжелік үлкен махаббаты қыздарынан тараған он бір жиені мен төрт шөбересіне керек. Жасына жас қосыла  берсін. Мерейлі мерекесі құтты болсын демекпін.

Алтын Бакраденова,

п.ғ.к., педагогика және психология

мектебінің қауымдастырылған

 профессоры, ардагер ұстаз.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх