Ғылымдағы ғұмыр

— Дүйсебек Нұрғабылұлы, ғұмырыңыздың жарты ғасырын, яғни елу
жылын ғылымға арнаған екенсіз. Өмір жолыңыз жайлы айтып
берсеңіз?
— Мен Көксу ауданындағы, Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектепті
бітіріп, Үштөбедегі «Механикалық жөндеу» зауытында 1 жыл жұмыс істедім.
Қоғалы ауылында «Педогикалық сынып» деген ашылып, осы жақта 1 жыл
оқыдым. 1969 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетіне, математика мамандығына түсіп, 1973 жылы үздік дипломмен
аяқтадым. Бітіргеннен кейін осы университетке мені 2 жылға
тағылымдамадан өтуге алып қалды. Одан кейін Жезқазғанда педагогикалық
институт ашылып сол жерге жұмысқа жіберді. Бұдан бөлек, Байқоңыров
атындағы университетте 29 жыл жұмыс жасадым. Отбасым Талдықорған
қаласында болғаннан кейін, туған жеріме көшіп келдім. 2004 жылы Ілияс
Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне жұмысқа кіріп, алғашында
доцент кейін кафедра меңгерушісі, ғылым жөніндегі проректор болып жұмыс
жасадым. Менің басшылығыммен университетте көптеген мамандықтар
ашылды.

— Жұдырықтай ғана жүректегі үлкен ғылымға деген сүйіспеншілікті
кім оятты?
— Әкем! Менің әкем 50 жылдан аса (математика, орыс тілі, тарих)
пәндерінен сабақ берді. Үш дипломы болған. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Негізі, маған сен мұғалім бол деп айтып көрмеген. Әкеме деген, мұғалімге
деген өзгелердің құрметіне қарап, осы мамандыққа қызығушылығым артып,
мұғалім боламын деп шешім қабылдадым.
— Ғылымдағы жарты ғасырлық ғұмырыңызда өкініш өзекті өртеп,
«Қап!» дейтұғын сәттер болды ма?
— Өкініш болды деп айта алмаймын. Ғылым саласы өте қызық. Мысалы, бір
есепті кейбір кезде жылдар бойы шеше алмай жүресің, бірақ сол есептің
жауабын тапқан сәтті айтып жеткізу мүмкін емес. Ерекше бір шабыт беретін
сәт болады. Осы эмоциялардың арқасында өкініш болды деп айту қиын.
Дегенмен, ренжіген кездерім болды. Білім саласында әртүрлі мәселе болады,
соны шешкілері келмеген адамдарға ренжігенім бар енді…
— Басқа ғылымдардың патшасы атанған алып математика саласында
жеткен жетістіктеріңізбен бөліссеңіз!
— Жақында министрлік тарапынан жарияланған жобаны ұтып алдық. Қазір
осы жобамен жұмыс жасап жатырмыз «PISA» зерттеулеріне байланысты.
Осы жобаны орындап жатқан 3 докторанттарым бар. 170-тен аса және 15
«Scopus» журналына шыққан ғылыми мақалаларым бар. Ғылымды дамытуға
қосқан үлесім үшін білім берудің үздігі төс белгісімен, Еуропарламенттің
алтын медалімен марапатталдым. Ал қоғамдық жұмыс, университеттің
деңгейін көтеру мақсатында істеген жұмыстарым үшін Тәуелсіздігіміздің 25
жылына және 30 жылына арналған мерекелік медальдарын алдым.

— Физика, математиканың қыр-сырын ашып, толық зерттей алдық па?
— Былай қарасақ, уақыт шексіз. Өткен уақытта шексіз, алдағы уақытта
шексіз… Дәл осылай ғылым саласы да шексіз. Ғылым саласын тануда шексіз.
Осы себептен де бәрін ашып тастадық, ештеңе қалмады деп айту қате
болады. Әрбір ашылған жаңалық белгілі бір уақыттан кейін ескіріп, жаңа
зерттеулер ашылады. Сондықтан да бәрін толық зерттей алдық дегенге
келмейді.
— Бүгінгі білім жүйесіне көңіліңіз тола ма?
— Жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Менің ойым, осыдан 5-6 жыл бұрын
математика факультетіне келетін балалардың білім сапасы өте төмен
болатын. Асхат Аймағамбетов министр болып тұрған кезде мұғалімдердің
жалақысын арттырды. Осы мамандыққа түсу үшін кемінді 70 балл қою керек
деген талап қойылғаннан кейін, соңғы 3 жылда кафедрамызға білімді
түлектер түсіп жатыр. Бұл жақсы жағы.
Ал маған ұнамайтын жағы – білім саласына байланысты реформалар
қазір өте көп. Ол реформалардың нәтижесі жоқтың қасы. Мысалы, бұрын
бастауыш мектепте 30 бала бірге бір сыныпты бітірсе, бәрі оқи алатын, ал
қазір осы жақсы дүниені бүлдірді. Себебі, бүгінде баға қойылмайды.
Оқушылар осыған байланысты оқығылары келмейді, бәрі электронды түрде
оны баға көрмейді. Бір мысал келтірейін, немерем 1-ші сынып оқушысы.
Сабақ оқымайды. Неге сабақ оқымайсың десем, бүгін біздің қатардан
сұрамайды дейді. Мұғалімдері бір күн бір қатардан, екінші күні басқа
қатардан сұрайды екен. Осыны 1-ші сынып оқушысы түсініп, біліп алған. Бұл
өте жаман жағдай. Жалпы, білім жүйесіне көңілім толады деп айта
алмаймын. Бұрыңғы білім жүйесіне қайтып келу керек деп ойлаймын.
— Қала деңгейінде, бәлкім, республика бойынша елге танымал
математика ғалымдарының басқосулары болып тұра ма? Арнайы ұйым
бар ма?
— Иә, конференциялар мен съездер болып тұрады. Онлайн, оффлайн
форматта. Түрік мемлекеттердің арасындағы математиктердің съезі өткен
жылы Түркияда болған. Ал Қазақстандағы математиктердің съезі Қарағанды,
Алматы, Астана қалаларында болып тұрады. Жалпы, болашақта қандай
бағытта жұмыс жасайтынымызды ойластырып, шешім қабылдаймыз. Бұлай
жиналып тұрған қаншалықты тиімді екеніне мен әлі баға бере алмаймын.
Нәтижесін болашақта көре жатармыз.
— Ғылымды қандай жаңалықпен сүйіншілер едіңіз?
— Фундаментальді математика қазір бізде дамып келе жатыр. Жақсы әрі өте
білімді жастарымыз көбейіп келе жатқаны қуантады. Қазіргі жұмыс жасап
жатқандардың ішінде: Білиев, Кальменов, Өтелбаевтер математика саласын
дамытып келеді, осындай білімді азаматтарымызға жастарымыз қарап,
өздерінің деңгейлерін көтереді деп ойлаймын.
— Сүйікті хоббиіңізге уақыт табыла ма?
— Шахмат ойнағанды жақсы көремін. Қазір көп уақыт бөле алмаймын,
ғылымға көбірек уақыт бөлу керек болып жүр. Тағы да тарихи мәселелерді
ойлаған ұнайды.

— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
— Адалдық. Ең басты ұстанымым. Ұлтымыз, мемлекетіміз үшін адал жұмыс
жасау. Патриот болу!
— Артыңыздан ерген, ғылыми жұмыстарыңызды жалғастырып келе
жатқан шәкірттеріңіз бар ма?
— Докторанттарым бар. Дегенмен, олардың осы саланы 100 пайыз
жалғастырып кете ме, кетпей ме білмеймін. Бәлкім, жалқауланып кетер
немесе соңына дейін апарып, қорғап шығар. Осы жағын уақыт көрсетеді.
— Студент жастарға берер кеңесіңіз болса, мархабат.
— Жастарға екі мысал айтқым келіп отыр. Қорытындыны өздері шығарар.
Мен Жезқазғанға 25 жасымды институтқа жұмысқа бардым. Менімен бірге
тағы да жастар келді. Біз бірнеше жігіт бірігіп, ғылыми семинар
ұйымдастырдық. Ғылыми кітапты алып, семинарда талқылаймыз. Бізге бұл
нәрсе әдетке айналды. Аптасына бір рет. Біз үшін заң болды, қалмай
келетінбіз. Өз бетімізбен ізденетінбіз. Нәтижесінде, біздің ғылыми деңгейіміз
өсті. Осы семинарға қатысқан 4 жігіт докторлық қорғады, 2 жігіт кандитатты
қорғады: бәрі алып шықты. Бұл бірінші мысал.
Екінші мысал: жастар көбіне оқуға тапсырма берілсе, ертең бос
болғанда оқимын деп ойлайды. Ертең ол бос болады, бірақ жаңа сылтау
табылады. Сөйтіп оқу жайына қалады. Ал ғылымда жетістікке жету үшін
күнде оқу керек. Күнімен оқымай-ақ қойсын, 1-2 сағат жетеді, сонда ғана
нәтиже болады. Осыны жастар ескерсе деймін.
— Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Сізге
қажымас қайрат пен мықты денсаулық тілеймін!

Әңгімелескен Назерке КӘКІМОВА,
ЖПҚ-411.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх