ӨНЕР ӨРІНДЕГІ ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР

(Ұстаз, ақын, ғалым Аңсабаев Дүйсен Сандыбайұлының 70 жас мерейтойына арналады) І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым-ұстаз, қызметтес әріптесіміз Шөте би шөбересі Дүйсен Сандыбайұлы Аңсабаев ата- тек шежіресін тарата келіп: Жалайырмын, он екі ата — ұғымда, Жеті атасын жетік білген бұрын да, «Бөлінгенді бөрі жеген» кез болған, Біздер бүгін бөлінбейміз руға. Мен қазақпын, сауалыңа қосарым, «Мәңгілік ел» – шырқап айтар осы әнім. Алты Алаштың айбынына айналған, Бірлігіне ұлттың ұран қосамын — деп, жеті атасын білу – қасиет, бөліну – қасірет екенін толғана жырлайды. Өмірін өлеңмен өріп, түйгенін, тоқығанын ұрпаққа ұлағаттау – ақындық парыз. Саналы ғұмырын тіл тағдырына, ұрпақ тәрбиесіне, қазақ ғылымының дамуына, өнері мен мәдениетінің өркендеуіне арнаған Дүйсен Сандыбайұлы Аңсабаев 70 жасқа толыпты. «Дүние үлкен көл, замана соққан жел» уақыт парақтарын сусылдата жауып, жалынды, жалаулы жылдар ақырын-ақырын шегініп, алыстап кетті. Абай дана айтқандай: Жалынасың, боқтайсың, Сағынасың, жоқтайсың. Махаббат кетті, дос кетті – Жете алмайсың, тоқтайсың. Дүйсен Сандыбайұлының туып өскен Күреңбелі-киелі мекен. Қазақ халқының көгінен аққан жұлдыз-Шоқанның мәңгілік жер бесігі, Нұрмолда атамыздай нар тұлға, Зылиха апамыздай зор тұлғаның тал бесігі. Қазақ өнерімен мәдениетінің сан қырлы саңлақтарының Нұрғали мен Тоқсынның бүгінгі Дүйсекең мен Бейсекеңнің (марқұм Бейсен Құранбек) туып өскен жері. Дүйсеке, «сағаттың шықылығы емес ермек», өмір белестерінің күншығыс көкжиегіне бұрылып көз жүгіртсеңіз жастық жылдар сағынышы сағым болып қана бұлдырайды. Өткен күннің шуақты сәттерін құрдастармен бөлісейін десең, қатары сиреп барады, «біз жас кезімізде…, дей бастасаң, ұялы телфонын ұя жасап алған жастар бас көтермейді, жүре тыңдап, жақтырыңқырамайды. Профессор Ш.Елеукенов ағамыз «70 деген – жет, піс» дегендей, жеттік, пістік – енді елге өсиет айтып, жол көрсетейік десек, ақылды саудалап, емді дуалап, жолдың бәрін әлеуметтік желі жаулап алған. Дегенмен, Дүйсекең, осы тығырықтан шығар жол тапқан жан. Қаламын қару етіп, жанына жаққан өмір өрнектерін өлеңге қосып, «жалғыздықтан, жабырқаудан құтылудың төте жолы — шығармашылық» екенін Лев Толстойша пайымдап, жүректегі жазуларын қағаз бетіне көшіріп, өзімен де, өзгемен де сырласып, сыр сандығын ашып, жыр пернесін басып, өнер сүйер жұртына өміршең өлеңдерін жомарт көңілімен сыйлап келеді. Ақын да табиғат перзенті, туған жердің құнарынан, киесінен бойына жыр дарыған арманы асқақ, жалындап, маздап тұрған дара тұлғалар. Дүйсекеңнің туған еліне, жеріне деген махаббаты алабөтен. «Күреңбелім – кием менің» деп, аузынан тастамайтыны да сондықтан: Туған далам,сенің тарлан төсіңнен, Талай-талай қымбат сәтті кешіргем. Сондықтан ба, жиі енесің түсіме, Тәтті елестей шықпай жүрсің есімнен. Күреңбелдің киесі қонған азаматтарды тани түскіңіз келсе, Дүйсекеңнің туған жерге арнаған циклды топтама өлеңдерін оқыңыздар, жақсылықтың жыршысы ақын бауырларыңыз «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халық даналығын ойына шырақ, бойына тұмар еткен азамат ақын. Поэзиядағы азаматтық әуен – ақынның ел мен жер тарихының, ұлт тағдырының өткені мен болашағын толғаған, өз үнін, пәк тілеуін ақ қағазға өрнектеген, өмірді өнерге көшірген суреткерлік кредосы. Қуанышқа құрақ ұшып, еліне сүйіншісін жеткізгенше асығатын ақын жаны ел егемендігін алғанда аңқылдаған көңілмен; Өткен күннің ұмыттырған азабын, Тәуелсіздік халқым үшін ғажап үн. Көк байрағын көк жиекке көтерген, Қуанышың құтты болсын қазағым! – деп, көңілі албұртып шаттана: «Егемен елім менің», «Астанаға», «Бәйтерекке» «Шаттық жырларын» арнады. Алматы мен Талдықорған, Сарыөзек пен кіндік қаны тамған Қоянкөз ақын жырының алтын арқауына айналды. Туған жер тұғырының биіктігін, еңбек ерлерінің, өнер саңлақтарының жасампаздығын паш ету арман мұраты болған ақынның еліне жерге дүркін-дүркін жыр арнауы тегін емес. Жан шуағына бөлеп, мейірім шұғыласына шомылдырған асыл анаға, арқа сүйер асқар тау әкеге жыр арнамаған ақын сірә жоқ болар. Дүйсекең де сағынышы мен қимас сезім сырларын, ақ ниет пәк пейілін ақ қағазға ақжарма көңілмен өрнектейді. Кербұлақ пен Қоғалы жақта есімі ел аузында жүрген жасамыс Дүйсекеңді 1995 жылы Талдықорған пединститутының ректоры, марқұм Жомарт Жапарұлы жұмысқа шақырды. Дүйсекеңнің содан бергі ұстаздық, ғалымдық қызметі, ақындық өнері көз алдымызда өтіп келеді. Дүйсен Сандыбайұлының ғылым жолындағы, қызмет барысындағы жетістіктерін тәлімін алған әріптес шәкірттері, шып-шырғасын шығармай жазар, оған сенім мол. Дүйсекеңнің «Жүректегі жазулары» – астары қырық қатпар құпия емес, тұнық ойдан шымырлап бойға жайылған айтары айқын өлеңдер топтамасы. Өмір өзеннің бірде сарқырай, бірде жәймен жайыла ағатын дариядай, бірде асқақ, бірде мамыражай ақын көңілі өмірден түйгенін таразылап; Тастайын да жан жеген ала мұңды, Тау бұзатын табайын талабымды. Күйкі тірлік, күншілдік құрып кетсін, Бері әперші, сүйген жар қаламымды – деп, шабыттана шалқи жырлайды. Бұл – жұрттың бәрін дос көрген қош көңілдің кейбір сәттерінде лирикалық қаһарманның көкейкесті күйін бейнеулеткен, көркемдік көрігінде, шындыққа суарлып шыққан шымыр шумақтар. Ақынның шабытты сәттерінде туған жырлардың бірі – «Өмір деген жұмбағы мол дүние» де алтын мен мыстың, қас пенен достың, адалдық пен пенделіктің, кісілік пен тектіліктің ара жігін айыра алмайтындардың тірлігін жыр семсерімен жасқай жырлайды. «Айтсын деп ақиқаттың тіл берілген» (М.М) ақынның өмір өзегінен суырпақтап тартқан сырға толы жырлары пессимизмнен ауылы алыс, азаматтық өршіл пафосты өміршең өлеңдер. Дүйсекенің топтама өлеңдерінің үркердей жарқыраған шоғыры — арнау өлеңдері. Арнауды Махамбет те, Абай да, Мұқағали да, Тұманбай да жазған. Дүйсекенің пәк көңілден арнаған ақжарма жырлары еліміздің түпкір- түпкіріндегі тілеулес ағайын – туғандарына ақ тілегін арқалап жиі аттанып жатады. Ізгі тілек, ақ бата мәні терең ойлы өлеңнің сиқырлы сыры той иесінің мәртебесін арттырып, мерейін өсіреді, көңілін көтереді. Өлеңі өзіне тартқан өрнекті, түркінің туын көтерген ұлтжанды, қазақ десе қоң етін кесіп беруге дайын ақын — азамат, қайраткер, әнші әрі сері Әміре Әрінге арналған арнауының бір ғана шумағын мысал етейін: Жырмен жүрсің жан дүниеңді тазалап, Әмірем ау ән шырқасаң ғажап ақ. Сенің жаның әппақ гүлдер әуені, Адалдықтан жаратылған азамат. Ақын жанның тазалығын, сұлулығын, нәзіктігін, әппақ гүлдерге теңеуі тосын, тың әрі әдемі поэтикалық өрнек. Ұлының ойында жүретін бой тұмарындай Сәкенге арнаған өлеңі — әке жүрегінен ақтарылып, арманы мен үмітін айшықтай түскен: Жаратқаннан жалбарынып сұраған, Бағым болып,басымдағы жүр аман. Көрінген таудың алыстығы болмайды, Үміт отын жаққаныңа қуанам… Әнге өлең жазу да өзіндік қиындығы, ережесі, ерекшелігі бар өнер. Сазгерлер ақындарды таңдаған, ақын да әуезді, өрнекті өлеңіне жан шуағын жеткізер әуенді, сазгерді іздеген. Тума талант Нұрғисаның пернедегі сұлу сезімі мен Мұқағалидың «түзу-түзу тілінген таспадай» жырларының үндестігінен, ұлылығынан «Саржайлау» әні туған. Дүйсен Сандыбайұлы «І.Жансүгіров университетінің ән ұраны», «Студенттердің қоштасу әні», «Облыстық спорт мектебінің әні», «Сарыөзек- әнім», «Құтты болсын қазағым» әндерінің сазына сай сөздерін жазды. Дүйсекең құрастырған «Қызылжардың қыраны», «Киелі Күреңбелім» жинақтары да – туған жер киесін жыр бесігінде тербеткен туындылар. Інілік тілегімді Жамбыл бабамыздың жырымен түйіндейін. Өмірді болдым көргендей, Жетпіс те жетті желгендей, Қажымастай бұл тағдыр Қасиетін бергендей… Өлеңім топан суындай Жетісудан ақтарам. Тыңдамай жердің алысын, Арқаға жетіп дауысым, Алтайдан да аттағам…, Қартайдым деп өмірде Қайғыланып жатпаған…Жүз жыл жырлаған жүректің ғұмырын берсін!

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Филологтарды даярлау білім беру бағдарламасының оқытушы-дәріскері, филология ғылымдарының кандидаты.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх