ЖУ-да Huawei компаниясының зертханасы ашылды

Жетісу университетінде «Huawei Technologies Co.Ltd» компаниясының зертханасы ашылды. Бұл студенттердің білімін шыңдап, телекоммуникация саласындағы жаңа ақпараттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Салтанатты жиынға Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Сүлейменов Марат, Цифрлық және мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру департаменті директорының орынбасары Ұлан Несіпқалиев, ЖУ университетінің оқытушылары мен студенттері, Huawei компаниясының өкілдері қатысты.

Университет ректоры Ермек Бөрібаев пен «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясы бас директорының орынбасары Xu Hai білім ошағы мен компания арасында ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумға қол қойып, алдағы атқарылар жобаларға баға берді.Меморандум аясында екі тарап бірлесіп, IT және телекоммуникация саласында жоғары білікті мамандарды даярлайды. Сондай-ақ бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеп, ғылыми зерттеулер жүргізуге уағдаласты. Оған қоса инновациялық өнімдер жасау көзделген.

«Бүгін бір үлкен жаңалықтың куәгері болып отырсыздар. «Huawei» компаниясының қолдауымен үлкен академия ашылып жатыр. Бұл оқу ордасы білімгерлерінің сандық білімдерін дамытуға бағытталған. Осы академия облыстың өркендеуіне жақсы жаңалықтар алып келеді деп ойлаймыз. Мұнда сабақ беретін мұғалімдер академияның базасында толық оқудан өтті, енді алған білімдерін студенттерге үйретуге дайын. Біз «Huawei» компаниясымен әлі де бірлесіп жұмыс істеп, орталықты дамытуға күш саламыз», деді университет ректоры Е.Бөрібаев.

Енді университет оқытушылары мен студенттері «Huawei» компаниясының бөлімдерінде тағылымдамадан, өндірістік және ғылыми зерттеу тәжірибелерінен өте алады.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх