Өткен жылдың үздіктері

ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН «ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ-2023» БАЙҚАУЫНДА ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮШ ОҚЫТУШЫСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ. ОЛАР: ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ ШАРА ӘСЕТҚЫЗЫ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ НАТАЛЬЯ ТУКЕНОВА, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ ГҮЛНАР ЛУХМАНОВА. НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫЛАРЫМЕН БОЛҒАН СҰҚБАТТЫ ҰСЫНАМЫЗ.

 — Шара апай, алдымен өзіңіз жайлы қысқаша баяндап өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз, өскен ортаңыз жайлы білгіміз келеді?

— Мен бала кезімнен заң қызметкері, адвокат болуды армандадым. Ол кезде осы мамандықты оқытатын елімізде екі-ақ университет болды. Оның бірі – Алматыдағы С. М. Киров атындағы ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), ал екіншісі Қарағанды мемлекеттік университеті.

Ал екінші ойым – жоғары оқу орнының оқытушысы болу еді. Менің әкем 50 жылдай мектепте қызмет атқарған.  Мектеп директоры, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып істеді. Бірақ,  мектепте мұғалім боламын деген ой менде  мүлде болмады. Ал қазір ойлап қарасам, бәрібір ұстаздықты таңдап әкемнің жолын қуғандаймын.

Ғылым жолына қалай келдіңіз?

— Бала кезімнен арманым іргелі оқу орнында оқу болатын. Қарағанды университетін ойлаған да жоқпын, себебі ол бізге алыс. Ал Алматы біздің астанамыз. Оның үстіне әкем С.М. Киров атындағы ҚазМУ-де оқыған, мен де сол оқу орнына түстім. Заң факультетіне түсу мүмкін болмады, шынымды айтсам, түсе алмадым. Амалдың жоғынан  қазақ тілі және әдебиет мамандығына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Ол уақытта жолдасым  агроном мамандығында оқып жүрген еді. Диплом алғаннан кейін біз ауылға қайтуымыз керек болды да  біраз уақыт ауылда тұрдық.

Мен мектепте мұғалім болып жұмыс істедім, бірақ ойымда үнемі жоғары оқу орнында жұмыс істеу тұрды. Талдықорған қаласына көшпес бұрын, мектепте облыстық деңгейде тәжірибелі мұғалімдер арасында байқау өтті. Бұл байқауда мен ІІ орын алдым. Осыдан кейін Талдықорған қаласына көшіп келдік. Дәл сол уақытта Жетісу университетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығы ашылып,  мектептің үздік, тәжірибелі оқытушыларын жинап жатыр екен. Осыны естіп, университетке оқытушы болып  орналастым. Ол 1993 жыл еді.

Биыл Жетісу университетінде жұмыс істегеніме 30 жыл толып отыр. Жоғары оқу орнына  келгеннен кейін ғылыммен міндетті түрде айналысу керек. Кафедра меңгерушісі бізге ғылыми атақ, дәреже болу шарт деген талап қойған соң, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде аспирантурада оқыдым. Онда  кандидаттық диссертация жазып, бір жарым жыл ішінде қорғап шықтым. Білім мен ғылымды қатар ала жүріп,  бұл күнде  қауымдастырылған профессор атандым.

— «Үздік оқытушы — 2023» жеңімпазы атандыңыз, осы байқау туралы айтып берсеңіз?

— «Үздік оқытушы – 2023» байқауының жеңімпазы атану  ол үлкен қуаныш, зор мақтаныш. Республикалық деңгейдегі байқаудан орын алу деген оңай емес.  Еліміздегі жоғары оқу орындарынан 768 оқытушы қатысып, соның ішінде 150 оқытушы ғана жеңімпаз атанды. Маңдай термен келген  марапат, жеңіс деп ойлаймын. Осы жерде ерекше атап өтетінім, біз министрліктің бұл байқауға арналған арнайы платформасына өзіміздің жетістіктерімізді жариялап, ұпай жинадық. Сол баллдың негізінде әділетті түрде жеңіске жеттік. Бұл жетістік университеттегі ғылыми еңбегіміздің, оқу-әдістемелік жұмыс және үздік  шәкірттеріміздің арқасында мүмкін болды деп ойлаймын. Осындай жеңісті өзімнің барлық әріптестеріме тілеймін.  Өз басым өте қуаныштымын. Зейнет жасында болсам да  30 жылдық еңбегімнің нәтижесін көріп, жеңімпаз атанып, университет имиджін, әріптестерімнің беделін көтеріп, жетістікке жеткеніме дән ризамын.

— Ғылым саласында жеткен жетістіктеріңіз, шәкірттеріңіз туралы не айтасыз?

— 100-ден астам ғылыми мақаланың, оның ішінде  «Ілияс Жансүгіровтің рухани әлемі», «Жетісудың әдеби шежіресі» атты монографияның, «Жетісу әдебиеті», «Өлең өрімі», «Тест тапсырмалары», «Қазақ лирикасы», «Ілияс Жансүгіров шығармаларын жаңаша оқыту» атты оқу құралдары мен «Алаш дәуірі әдебиеті», «Ілиястану» оқулықтарының авторымын. «Ақынның қызыр ие жолдасы бар», «Аңызға бергісіз ғұмыр», «Дария кеуде тау мүсін», «Ілияс тағылымы», «Ілиястану ілімдері» атты жинақтарын, «Ілияс Жансүгіров» библиографиялық көрсеткішін, «Ілияс Жансүгіров» энциклопедиясын құрастырушымын.

2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы, жоба жетекшісімін.

«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ілияс Жансүгіров», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталдым.

— Сұқбатыңызға рақмет, лайым  ғылым мен білім саласындағы еңбегіңіз елене берсін!

Аян АЙДАРҚЫЗЫ,

ЖПҚ-411 топ студенті.

 Тукенова Наталья Иембергеновна, педагогика ғылымдарының кандидаты, АКТ білім беру бағдарламасының жетекшісі.

— Ғылым жолына қалай келдіңіз?

— Жоғары оқу орнында қызмет істеген әрбір оқытушы ғылыммен айналысуы керек. Ғылымға 2000 жылдан бастап ден қойдым. 2001 жылы қашықтықтан оқыту туралы мақалам жарық көрді. Бүгінгі таңда 100-ден астам ғылыми мақалалар, МООК әзірлемелері, оқу-әдістемелік құралдарым бар. Ғылыми жетекшілерім профессор Е.Ы. Бидайбеков,  В.В. Гриншкун. Қазақстанда және шет елде ғылыми жұмыстарымен, жазған оқулықтарымен танымал болған ғалымдардың алдын көргенімді мақтан тұтамын. 2010 жылы «Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша мәліметтер қорын пайдалану арқылы мультимедиялық технологияларды пайдалану» атты өзекті тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым.

— «Үздік оқытушы-2023» байқауының жеңімпазы атандыңыз, құтты болсын!

— Иә, бұл «үздік» атағын алғаныма аса қуаныштымын. Бұл менің көп жылғы еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Еш нәрсе оңайлықпен келмейді. Скопустағы ғылыми мақалалар, ККСОН, халықаралық журналдар, ЖАОК әзірлеу, CURSERA сертификаттары, студенттермен халықаралық және республикалық конкурстар, шетелдік ғалымдармен бірлескен жариялымдар.

Мен бұл байқауға үш жыл қатарынан қатыстым. Бірінші жылы университетте өткен алғашқы кезеңде 0,5 ұпай жетпей қалды, екінші жылы менің нәтижелерім жоғары болды, алайда  техникалық ахауларға байланысты жеңімпаздар тізіміне енбей қалдым. Бірақ мен қарап отырмай өзімнің құқығымды қорғап, тиісті жерге жүгіндім. Маған қайтадан конкурсқа қатысуға мүмкіндік берілді. Биыл да ұпай саны бойынша бірінші болып, жеңімпаздар тізіміне іліндім. Мұндай сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ менің ойымша, барлық кәсіби білімі және жетістіктері бар оқытушылар бұл атаққа ие бола алады. Бұл әрі ашық және объективті түрде болатын платформа. Сондықтан қатысыңыздар, ұмтылыңыздар және университеттің үздік оқытушысы атаныңыздар!

— Сұқбатыңызға рақмет!

Аяулым БЕЙСЕНБЕКОВА,

ЖПҚ-411.

 Лухманова Гүлнар Койшыбайқызы, экономика ғылымдарының кандидаты, лектор-оқытушы.

—  Гүлнар Койшыбайқызы өмірбаяныңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз, туып-өскен жеріңіз, қайда оқыдыңыз?

— Мен 1974 жылдың 13 қаңтарда Сарыөзек кентінде дүниеге келдім. 1989-1992 жылдары Талдықорған мал-дәрігерлік техникумы «Шаруашылық қызмет бухгалтерлік есебі, бақылауы және талдауы» мамандығын тәмамдап, 1992-1996 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Еңбек және бизнес» мамандығы бойынша білім алдым. Мектеп, техникум және университетті үздік дипломмен тәмамдадым.

— Ғылым жолына қалай келгеніңіз туралы айтып беріңізші?

Еңбек жолымды 1996 жылдан бастадым. М.Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» лицейінде, Талдықорған экономика-технологиялық колледжі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «Нархоз»  университеттерінде қызмет еттім.

Жалпы педагогикалық өтілім — 27 жыл болса, оның ішінде ғылыми-педагогикалық өтілім – 21 жыл. Экономика ғылымдарының кандидатымын. 100 астам ғылыми және әдістемелік еңбектерім бар, соның ішінде 13 Web of Science және Scopus базасы журналдарындағы мақала, 40 астам Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдардағы мақала, 7 оқу құралым бар. Хирш индексі 5. Мен дайындаған студенттер министрлік тарапынан қаржыландырылатын гранттық жобалар орындаушысы, «Дарын» ғылыми жоба республикалық конкурсының, студенттік олимпиадалар жеңімпаздары.

Еңбек жолымда э.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі  Укиляй Керімқызын мен ұлағатты ұстаз  Разида Жаппарханқызын үлгі тұтамын.

 Нұрила КАРИМАНОВА, Назерке КӘКІМОВА.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх