Қазақтың қолөнері, ұлттық киімдері еш халықтан кем емес. Көшпелі мәдениетімізге сай әрі әсем, әрі ыңғайлы – деп жатамыз. Бірақ күнделікті тұрмыста оқалы шапан, бүрмелі көйлек, кестелі тақияны кім киіп жүр? Сонда ұлттық киім тек мереке мен той-думанның сәні ме, әлде заманауи үлгіде жаңғырта алмай отырмыз ба? Ұлыстың ұлы күні қарсаңыда қаламыздағы қоғам қайраткерлері және белсенділерімен сұқбат құрып, «Ұлттық киім неге тек мерекеде ұлықталады?» — деген сауал жолдаған болатынбыз.
Есболат Айдабосын,
«Жетісу» радиосының бас редакторы, жазушы:
– Ұлттық киім қазір екі жерде киіледі. Бірі – сахнада, бишілер мен әншілер киеді. Екіншісі – сіз айтып отырған мерекеде, яғни жалпы жұрт киеді. Наурыз тойында көшеден кимешек киген әжелерді, шапан, бөрік киіп жүрген ер азаматтарды көп көреміз. Қалған күндері бұл киімдер сандықта жатады. Ол рас. Бірақ осы мәселе ме? Менімше мәселе емес. Өйткені кейбір ұлттық киімдер бүгінгі заман талабына сай емес. Қазір қоғам басқа, адам басқа, тұрмыс-тіршілік басқа. Өзіңіз қос етек, бүрмелі көйлекпен көшеде жүріп көріңізші, автобусқа мініңізші, қандай ыңғайсыздыққа душар болар едіңіз. Бұл киімді бүгінгінің қыздарына күнделікті өмірде кигізе алмаспыз, ол анық нәрсе. Оңтүстік өңірдің халқына түлкі тұмақ, қасқыр ішікті де зорлап кигізе алмаймыз. Өйткені ат үстінде жүрген жоқ, енді оларды тек сахнадан, мереке-мейрамдардан көргеніміз көрген. Сондықтан мәселені басқа қырынан қою керек. Ол қалай болу керек? Менімше алдымен ұлттық киімдерді бүгінгі күнге икемдеп, соның өндірісін ұлғайту керек.
– Ал олай болса ұлттық киімдерді бүгінгі күнге қалай икемдейміз?
– Қазір бұл іс басталып кеткен. Басталғанына біраз болды. Отандық дизайнерлер, киім өндірушілер бұл бағытта жұмыс істеп те жатыр. Ұлттық нақышы бар киім өндірісі ептеп-ептеп еңсесін тіктеп келеді. Бірақ біз киіп жатырмыз ба? Сырт киімді жалпылама түрде үшке бөлеміз ғой. Бірінші бас киім, екіншісі дене киімі (костюм шалбар, жейде, тон, пальто), ал үшіншісі аяқ киім. Енді үстімізге қарайық, осы үшеуінен не киіп жүрміз? Ұлттық сипаттағы киімнен не бар үстімізде? Ауызды қу шөппен сүрткеніміз болмас, бірден-екіден әрбірімізде киімдер бар шығар. Мысалы менде қазақы ою салынған желеткі мен тақия бар. Біреуде етік болуы мүмкін, біреуде шапан… Бірақ бұл аз, гардеробымыздың кемі 30 пайызы ұлттық нақышы бар киімнен тұрса мұны жалпыхалықтық сипат алды деп айтуға болады. Мұндай күнге жетсек оның идеологиялық жемісі өз алдына экономикалық жеңісі де болады.
– Жалпы халықтың ұлттық киімді кимей жатуының бір себебі бағасында деп ойламайсыз ба? Ұлттық бұйымдар, қол өнер түрлері, киіз үй, отандық ұлттық киімдер неге қымбат?
– Сөзіңіздің жаны бар. Ол да мүмкін. Қымбат екені рас. Мен осының себебін ұлттық киім өндірісінің әлі де дұрыс дамымай жатқанынан ба деп ойлаймын. Өйткені бізде ұлттық нақыштағы киім түгіл, басқа киімдерді тігетін ірі фабрикалар жоқ. Жеңіл өнеркәсіп жағынан басқаны айтпағанда өзбек пен қырғыз бізден озып кеткен. Ал ұлттық нақыштағы киім өндірісімен жекелеген дизайнерлер, шағын цехтар ғана айналысады. Олардың кейбірі тапсырыспен жұмыс істейді, кейбірі интернет арқылы, сауда кешендерінде дүкендерін ашып сатып жатыр. Бәрібір өнім көлемі аз. Өнім көлемі аз болған сайын тауардың құны артады. Сондықтан қарапайым халықтың қолы жетімсіз.
– Енді не істеу керек?
– Мемлекет қолға алу керек. Ұлттық киім өндірісі деген ол тұнып тұрған идеология. Қайбір жылы Түркіменстанда Азиада ойындары өтті. Сол кезде ел өкіметі автобус пен такси шопырларына дейін тақия кигізіп тастады. Ал оқушылар үшін ол елде тақия деген мектеп формасының бір бөлшегі. Тақиясыз сабаққа кіргізбейді. Өзбектер де ала тақиясын әлі тастаған жоқ, қырғыздар айыр қалпағына ұлттық құндылық деген статус берді. Ол елде біраз жылдан бері «Ақ қалпақ» деген мереке тойланады. Жеті-сегіз жыл бұрын сол мейрамда қырғыз студенттері 2,7 метрлік айыр қалпақ тігіп, сонысын Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен қалпақ ретінде енгізіп тастады. Ал біз не істедік? Біз басымыздағы қазақы тақияны 20-ғасырдың босағасына шешіп қалдырып кеттік. Біз тақияға діни сипат беріп тастадық. Тақияны қазір молдалар мен мешіт қызметкерлері ғана киеді, мектепке тақия киіп келуге тиым салынған. Бұл неткен жетесіздік, менің осыған миым жетпейді.
– Күнқағары бар кепкалар шыққалы тақиялар күнделікті қолданыстан шеттетілген секілді. Бәлкім заман талабына сай келмеді ме екен?
– Сол заман, сол жаңалық бізге ғана емес басқаларға да келіп жатыр ғой. Көршілеріміздің бәрі ұлттық бас киімімен жүріп-ақ ештемеден құр қалмады ғой. Ал біз жалаңбаспыз. Не ұттық? Кеңес өкіметі тұсында да тақияны шешпедік қой, неге тәуелсіздік ала сала тастадық? Белгілі ғалым Шора Сарыбаев деген кісі болған. Басынан тақиясын тастамай кетті. Бір қызығы, Шора атамыз тақиясын өзі тігіп алады екен. Шора Сарыбаевты бастық қылып тағайындар алдында, басындағы тақиясын тастауды сұрапты. Бірақ ол кісі көнбеген дейді. Қазақтың киім мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан мықты қазақтың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол кісі де үнемі тақия киген. Киіп қоймай, соның насихатшысы болды. Тақия киген адам көрсе, тоқтатып алып қолын алады екен. Тақиясы қазақшаға келіңкіремейтіндерді сынап та алған. Әсіресе, айтысқа қатысатын ақындардың ұлттық киім киісін өзі қадағалап жүріпті. Айтыста жетпіске келіп қалған бір ақын апамыздың қос етек көйлек киіп жүргенін көріп қалып: «Он сегіз жасар қыздар киетін көйлекті киіп, жетпіске келген қария-ау, сізге не болды?» депті. Сөйтіп, өзі бас болып ақындардың киімін ұсынған шеберлерге ұлттық киімнің қалай тігілетінін көрсетіп берген екен. Бізге бүгінде бір Өзбекәлі жетіспей тұрған секілді.
– Осы былтырлары жас қыздар арасында тақия кию трендке айналған еді. Сол қазір басылып қалғандай…
– Соны өзіңнен сұрағым келеді. Неге наурыз мерекесі қарсаңында ЖУ студенттері осындай бір игі істі қайта жалғап жібермейді. Өкіметке, басқаға қарап отыра бермеу керек, жастардың өздері кейбір бастамалардың басында жүрсе қанекей. Осындай үрдістер белең алып, көбейсе бара-бара ұлттық брендтеріміз трендке айналады. Дегенмен науқандық шаруа болып қалмау керек. Сапасы қадағалану керек. Тақия қазір базарларда жоқ емес, толып тұр. Бірақ дені сапасыз. Тойбастарға салынады. Алайда сол тақияларды тойға киіп бара алмайсың. Осы жағын да ескеру керек. Тақия деген баскиімнің керемет түрі ғой. Тек соған дұрыс көңіл аудармай жүрміз.
Күлтай Қонысбай
«Қонысбай» әйелдер орталығының жетекшісі:
Ұлттық киімнің заманауи қазақы брендін қалыптастыра білдік деп айта аламын. Неге десеңіз, бұрындары сіз айтқандай тек Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесінде ғана киетінбіз. Қазір күнделікті өмірде киетін қыз-келіншектеріміз көп. Мен танитын қаншама қыздар мемлекеттік қызметші болсын, жеке кәсіпкер болсын жейделерінің сыртынан не болмаса көйлектерімен үйлестіріп әдемі қазақы камзолдарын киіп жүр. Жыл сайын қазақ аруларының киімге деген талғамы өсіп, көзқарасы өзгеріп келеді. Қазақы дүниелерді заман талабына сай икемдеп күнделікті өмірде киюді әдетке айналдырып жүр. Тек камзол, шапан емес, қазір сырт киімдер де шыға бастады. Ұлттық үлгідегі пальтоның түр-түрі бар. Оюмен кестеленген, ерекше принттегі киімдер қазір сәнде деп айтуға болады. Киім-кешектен бөлек ұлттық әшекейлер, күміс бұйымдар, әдемі орамалдар, кимешектер, ұлттық бас киімнің өзін қазіргі заманға лайықтап жүргендер көп. Сондықтан бұл сұраққа мен керісінше жауап берер едім. Жаңа стиль, жаңа заманауи көзқарас, Жаңа Қазақстан қалыптасып келеді.
Бүгінгі киім нарығы шарықтау шегіне жетіп отыр. «Бренд» дейсіз бе, «люкстік сапа» дейсіз бе бәрі бар. Ұлттық киімді дәріптейтін отандық дизайнерлеріміз де баршылық. Қымбаты бар, орташасы бар, арзаны бар. Қай түрін таңдағыңыз келеді, өз еркіңізде. Менің гардеробымда да дәл солай. Барлығы қымбат емес. Әрине жүз мың теңгеден жоғары көйлекті арзан деп айтуға болмас. Бірақ маталарын Италиядан, тағы басқа елдерден алдырады. Жұмысы бар, дизайнерлері бар, жолға кететін шығын, кедендік салық, дүкен салығы, жарнамасы бар дегендей.
Мәселен, отандық дизайнер Жанат Бақыттың камзолдары 8-10 мың теңгеден басталады. Аңсаған Мұстафаның заманауи киімдері қандай! Жаздық футболкаларының өзі қазақы нақышта. Айта берсек қазақы бренд қалыптастырып жүргендер көп. Жұмысын жаңадан бастаған тігіншілерге де тапсырыс беруге болады. Қазір кез келген қалада тігінші көп. Өзіміздің Талдықорған қаласын алайық, кішкентай ғана қаламызда ұлттық киімдерді тігетін шебер қыздарымыз бар. Тек қолдау керек. Иә Қытай, Бішкек те бар және өзімізде де бар екенін ұмытпау керек. Кез-келген өзгерісті өзімізден бастайық. Еліміз шығармайды, еліміз тікпейді, «қымбат», «арзан» дегенше, арзаннан бастап, жұмысын дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерді қолдайық. Біз қолдаған сайын басқа да жандардың ұлттық киімге деген қызығушылығы артады. Ең әдемі киім — өз ұлтыңның киімі екені ұмытпау керек.
Әрине ұлттық бренд қалыптастыруда олқылақтар жоқ емес. Көш жүре түзеледі, ең бастысы жаңа бастап жатқан жоқпыз, дамып жатырмыз. Тек тұралап қалмай ары қарай дамыта беру керекпіз. Әрекет түбі – берекет.
Балақаранова Жұмабала, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Көксу ауданының құрметті азаматы. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
Қазақ ежелден мерекеге барын киіп, бақанын іліп шыққан ғой. Ең құрметті, ең жақсы, ең көрікті киімдерін думан-тойға жинаған. Сондықтан ұлттық киімдерді тойда киюдің еш оғаштығы жоқ. Ал енді күнделікті тұрмыста кию мысалы, офисте қызмет ететіндер үшін ұзын етек көйлек, камзол, басымызға бөркімізді немесе күндігімізді байлап отырғанымыз келіспейді. Ұлттық киімнің өзінің қасиеті – тойдың киімі, мерекелік киім дер едім. Ежелден сал-серілер той-жиынға неше түлі саптама етік, әдемі шапандарын, құндыз бөріктерін сақтап қойып киген ғой.
Мен өзім дүкен аралаған сәтте өте көздің жауын алатын әдемі ұлттық киімдерімізді көріп таң қаламын. Оқалы шапан, зерлі камзол барлығын алғың келеді. Үлкен кісі болсақ та әдемілікке жанымыз құмар. Жастар тіпті қызығады.
Бағасына келер болсақ, біздің елімізде ештеңе өндірілмейді. Болған күннің өзінде өте аз. Сондықтан киім тігетін матаны, барлық құрал-жабдығын ұсақ-түйек жібіне, моншақ әшекейлеріне дейін сырттан алып келеді.
Отандық киім өндірушілерге мемлекет тарапынан да қолдау болса дейміз.